Жаңа жетістіктерге жеткізеді
Біздер, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында туған ұрпақ Ұлы Отан соғысында, серіктестік пен колхоз құрылысында, тылдағы жанқиярлық еңбекті де басымыздан кешірдік. Мен қазір 85-тен 86 жасқа қарап тұрмын. Алланың ұзақ ғұмыр және бақытты тірлік бергеніне шексіз ризамын. Күн сайын туған Отаныма және барша адамзат баласына тыныштық пен бейбітшілік тілеймін.
Мен елімізде әрдайым жақсылықтар болуын қалаймын және соған үнемі көңіл аударып отырамын. Аллатағала жақсылықты – өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген пенделеріне сыйлайды. Елбасымыздың әрбір Жолдауы – Қазақстанымыздың өркендеп-өсуіне үнемі ықпал етіп келеді. Сондықтан да, қазақстандықтар ол кісінің әр жылғы Жолдауын қуанышпен қарсы алады. Биыл-ғы Жолдаудың ерекшелігі – бұл еліміздің жаңа экономикалық саясатын белгілеп берді. Қай кезде де экономика дамымай – қай шаруа да алға баспайды. Мен өмір бойы есеп саласында қызмет істедім. Көп жылдар мекемелерде және совхоздарда бас бухгалтер болып еңбек еттім. Сондықтан да, мен сөзден гөрі істі қалаймын. Елбасымыздың биылғы Жолдауы – әлем тығырыққа тіреліп тұрған дағдарыс кезінде Қазақстанның алға басу жолын көрсетті. Ол – әрине, "Нұрлы жол"! Атының өзі айтып тұрғандай, бұл жол бізге, біздің халқымызға, барша отандастарымызға жақсылық сыйлағалы отыр. Сондықтан болар әлемдегі көптеген саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлері Елбасымыздың биылғы Жолдауын жан-жақты талқылап, талдап, оған ерекше маңыз беруде.
Кейде біз өзіміздің жақсы істерімізді бағалай алмай жатамыз. "Сырт көз – сыншы" деп бабаларымыз бекер айтпаған. Әлемнің аққаптал саясаткерлері "Президент Назарбаев қазіргі күрделі дағдарыс кезінде елін даму жолына бастап отыр", – деп бекер бағалап отырған жоқ.
Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев бұл Жолдауды әдеттегідей емес, ерте жа- риялады. Мұның себебін өзі айтты да. Расында да, бұл Жолдау – жаңа жылға бірер ай қалғанда жариялануы өте құптарлық. Себебі, республика халқы қазір еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Жолдаудан жігер алып, жаңа жылға жаңа үмітпен барғалы отыр. Ат-қарылатын істер жаңа жылға дейін белгіленіп, саралануы – өте жақсы бастама. Қазір қазақстандықтарға 2015 жылы атқарылатын шаруалар түгел белгілі. Қай саланы алсаңыз да, жақсылық жолдарын көресіз. Мысалы, Жолдауға байланысты ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден 2 транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Осы жобаларды аяқтау үшін Елбасы Үкіметке ұлттық қордан тағы да 500 миллиард теңге көлемінде екінші транш қаржысын бөлуді алға қойды. Біріншіден, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлмек. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Екіншіден, банк секторын сауықтыру және "жаман" несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз етеді.
Үшіншіден, жаңа инвестициялар тарту үшін 2015 жылы "құрғақ порттың" бірінші кешені құрылысын аяқтауға, "Қорғас-Шығыс" қақпасы және Атырау мен Тараздағы "Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі" арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бөлуді алға қойды.
Төртіншіден, бұған дейін бөлін-ген 25 миллиардқа ЭКСПО–2017 кешені құрылысын жалғасты-руды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырды.
Бесіншіден, ЭКСПО–2017 көрмесі қарсаңында Астананың көліктік инфрақұрылымын дамытуды алға қойды. Астана аэропортының әлеуетін арттыру үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді Үкіметке тапсырды.
Міне, осы цифрларға қарап отырып-ақ, еліміздің қалай өркендейтіні көңілге қуаныш ұялатады.
Елбасы өзінің бәріміз үшін аса құнды осы Жолдауында жалындаған жастармен қатар, өмір көрген, көп жасап, мол тәжірибе жинақтаған ардагер ұрпаққа да көп міндеттер жүктеді деп есептеймін. Біздер, ардагерлер қазіргі жастарға бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қалай келгенін үнемі кеңінен әңгімелеп отыруымыз керек. Сонда олардың туған Отаны- мызға деген патриоттық сезімдері артып, өмірге деген құштарлықтары еселене бермек! Ешкім-де бірден данышпан болып тумайды. Әр жас ұрпақ алдындағы аға ұрпақтан үлгі-өнеге алып өседі.
Қорыта айтқанда, біздер, ардагерлер, Елбасы Жолдауын бірауыздан қолдаймыз!
Ғалымжан ЖҮНІСОВ,
тыл және еңбек ардагері.
Аманкелді ауданы.