Өндірістегі қайғылы оқиғалар себебі не?
Биыл Қостанай облысында 155 адам өндірістік жарақат алған. Соның ішінде 22 адам мерт болды. Кәсіпорындардағы қайғылы оқиғалар туралы облыс әкімінің орынбасары Е.Аманның төрағалығымен өткен мәжілісте кеңірек айтылды.

-Кейбір жағдайда жобалық сметалық құжатттардың дайындалуына баса мән бермейміз. Ал оқыс оқиға бола қалса бірде жұмысшыны, енді бірде жұмыс берушіні кінәлаймыз. Сондықтан жобаны жүзеге асырмас бұрын ұсақ-түйекке дейін қадағалап, жұмысты аса ыждағаттылықпен тиянақтаған жөн. Жұмыс беруші өзінің қарамағындағы жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігін сақтауға дайындауы керек. Бұл ретте кәсіподақтарға үлкен сенім жүктеледі. Өнеркәсіп орындарында кәсіподақ ұйымдарының рөлі күн сайын артуы тиіс,-деді облыс әкімінің орынбасары Е. Аман.
Газетімізде бұрын хабарлағандай облыста соңғы екі айдың өзінде екі қайғылы оқиға орын алған еді. Қараша айының басында Рудныйда құбыр жөндеу кезінде бір адам қаза тапқан болатын. Мұндай қайғылы оқиға 27 қарашада Қостанай қаласында қайталанды. Кәріз коллекторының құрылысы және жөндеу жұмыстары барысында екі адам мерт болып, біреуі ауыр жарақат алды. Соңғы оқиғаға байланысты нақты қорытынды шыққан жоқ. Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы М.Моргуновтың айтуынша, әлеуметтік зерттеудің қорытындысы осы аптаның соңында белгілі болмақ.
Мәжілісте өндірістік жарақаттардың алдын алу және жұмысшыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға баулу туралы айтылды. Өңірдегі қоғамдық бірлестіктер 125 кәсіпорынның бес мың тыңдаушысына еңбек қауіпсіздігінің ережелерін оқытқан. Бұдан былай өндірістегі жарақаттың алдын алу мақсатында облыстық кәсіподақтар ұйымы мен облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма бірлесе жұмыс істейтін болды.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай