Қамысты ауыз сумен қамтылды

DSCF6520Ел Үкіметінің соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын көтерудегі басты қадамының бірі – ауыз су мәселесін оңтайлы жолға қойып, осы науқанға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдағаны. Республиканың әр түкпірінде бұрыннан қалған ескі құбырларды жаңартумен қатар, тіпті, тұщы су көрмеген ең шеттегі ауылдарға дейін автоматтандырылған қондырғылар арқылы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп жатқаны – соған дәлел.
Қай заманда да халықты сапалы ауыз сумен қамту – басты проблемалардың бірі болып келгені жасырын емес. Дегенмен мемлекет мұндай тығырықтан шығудың жолдарын оңтайлы шешіп, тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында аз жұмыстар атқарған жоқ. Мемлекеттік "Ақбұлақ" салалық бағдарламасында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жерасты суларының әлеуетін молынан пайдалануға екпін жасалған, сумен қамту жүйелерін жобалаудың сапасын көтеру ескерілген.
2011-2020 жылдарға арналған "Ақбұлақ" салалық бағдарламасы Қамысты өңірін айналып өткен жоқ. Бүгінгі таңда шалғай аудандағы 24 елдімекеннің жетеуі орталықтандырылған  су  жүйесін пайдаланып отыр. Ал Қамысты селосының өзінде тәуелсіздік жылдары ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп көрмеген. Кеңес дәуірінен бері келе жатқан құбырлардың әбден тозығы жетіп, әр жерден шұрық тесіліп, жамаудан көз ашпай келіпті. Енді міне, жарты ғасырға жуық уақыт пайдалануда болған, тат басып, ескірген құбырларды жаңартып, тұрғындарға сапалы ауыз су жеткізу науқаны былтырдан басталып отыр. Өткен жылдың көктемінде аудан орталығында мемлекеттік "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша селоның сумен қамту жүйесін қалыпқа келтіру мақсатында республикалық бюджеттен трансферттер бөлініп, құбыр жүргізу жұмыстары басталып та кеткен. Бұл игі науқан – мемлекеттің алыс ауылдардағы тұрғындар үшін жасап отырған үлкен қолдауы екені рас.
Ғазиз АХМЕТЧИН,
Қамысты ауданы әкімінің орынбасары:
– 2013-2014  жылдарға арналып жоспарланған су құбырларын жаңарту жұмыстарының жалпы сметалық құны 812 миллион теңгені құрап отыр. Былтыр осы мақсатта ел қазынасынан 300 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, игерілді. Ал биыл  құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаражаттың екінші бөлігі – 491,5 млн. теңге бөлінді. Құрылысты жобалаушы – рудныйлық "SANстройСервис" ЖШС, ал мердігерлік жұмысты астаналық "Қуандық-К" ЖШС мойнына алды. Қамысты ауылының ішін аралап өтетін су құбырларының ұзындығы 47,9 шақырымды құрамақ. Оның 38 шақырымы бұрылыстардан таратылатын болса, 10 шақырымға жуығы тұрғындардың ауласына дейін жеткізіледі. Өткен қараша айының соңында мемлекеттік қабылдау комиссиясы жұмысты жүргізу құжатына рұқсат етті. 
Қазіргі таңда ұзақ жылдарға төтеп беретін диаметрлері 200, 150, 100, 50, 32 мм болатын полиэтилен құбырлар жердің тереңдігіне төселіп, көміліп жатыр. Екі жылдық жоспар бойынша село ішіне жалпы 1276 құдық, 125 өрт гидранты мен 1333 су есептегіш құралдары орнатылады деп жоспарланған.
Сонымен, құрылыс жұмыстары аяқталып, құбырлар мен су сору станциясы салынды. Қазіргі таңда темір-бетон шығыршық құдықтары, өрт гидранттары орнатылып, қоршаулар тартылған және су сору станциясы, су қысымының мұнарасы, сыртқы электр көзі мен жарықтандыру орнатылды. Жоғары сапалы қондырғылар арқылы сүзгіден өтетін тіршілік нәрінің санитарлық тазалық талаптары қатаң сақталмақ. 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Қамысты ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓