УЫЗ
Осы бір кісіні біраз жылдан бері сырттай білемін. Сырттай дейтінім, жолығып, жүздескен емеспін. Бірақ елдің көз алдында, теледидардан көремін, алқалы басқосулардан байқаймын, жалпы оның жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, істеген ісіне тәнтімін. Көбіне елдің көкейіндегісін дөп басады, не айтса да қисынды,ойлы нәрсе айтады. Сөйлеген сөзіне қарап мәдениетті де парасатты екенін аңғарасыз. Түр-тұлғасы да көз тоярлықтай сымбатты да көрікті. Басқаны қайдам, өзім сырттай қадір тұтып, ішімнен жақсы сыйлаймын. Осындайда бір оқығаным еске түседі.
Ілияс Омаров қайтыс болып, жерлеу рәсіміне қатысқан халық жазушысы Ғабит Мүсірепов қатты тебірене қайғырып, кейін бір кездесекенде Ғафу Қайырбековке былай дейді:
– Сен жұмыртқаны білесің ғой, соның ішіндегі сары уызды білесің. Халықтың өзі бір тұқым болса, соның да уызы болады, ол тұрғанда ештеңе құрымақ емес. Ол уызды аз ғана адамдар құрайды, оны тірі пендеге білдірмейді, оны құдайдан басқа ешкім білетін нәрсе емес. Олар енді ру, туыс, ауыл дегенді білмейді, тек ұлтты ғана біледі, есіңде болсын, бұл өзін-өзі сақтаудың ең жоғарғы түріне жатады, олардың түпкілікті тізімі, есімі болмайды. Бірі өлсе бірі туып алмасып жатады,- деп,өзінің де оған қосыла алмайтынын білдірген еді,-дейді ақын. Ілекең аса бір таза, кіршіксіз адамгершілік иесі, халқының қамын ойлап ғұмыр сүрген адам деп дейді, көзкөргендер. Көңілі сергек, ойы алғыр, ақылгөй дана азаматтың рахаттана күлетін күлкісі де ерекше еді-ау!? Оның жайдары жүзі, жарқыраған кереқарыс маңдайы, нұрлы көзі бар болмысын ашып тұратын, – деп қариялар еске алады.
Ал енді қазіргі заманымыздың осындай уыз адамы кімдер, атын атап, түсін түстеп бере алсыз ба деймін өзіме өзім. Ғабең айтқан ұлттың уызы – рухани пана тұтатын, аузы дуалы, сөзі уәлі деп сөзімнің басындағы кісі есіме түсті.
…Сәті түсіп бір алыстан сыйласып жүрген замандастың көл-көсір салтанатты тойына қатыстым. Астананың қақ төрінде, Есілдің сол жағалауында, қонақтардың да, құдалардың да бір парасы атқа мінген, шұбар балақ, шұбар төстер екен. Кенет солардың қатарынан іштей пір тұтқан кісіні көзім шалды. Іштей қуанып, жақынырақ білсем деген бір ой қылаң берген-ді.
Той басталып, әлгі кісі танымал тұлғалардың қатарында төрде, сыйлы ортада отырды. Бір уақытта сөз кезегі тигенде менің «пірім» тойда жиналған руластарының (?) атын айтып, түсін түстеп, ұйымшылдығына ризашылығын айта келе, ел тұтқасында отырған үлкен лауазым иесіннің бірін мақтап желпіне, қызбалана сөйлеп кеп берсін! Мен айран-асырмын,өз көзіме өзім сенер емеспін! Бәлкім бұл басқа кісі шығар, оның аузынан шығар сөз емес! Жоқ, сол кісі. Жөнсіз жағымпаздық, жосықсыз қолпаш. Бұдан кейін көңілдің қалғанын айтасыз, әлгі көкемізді енді қайтып көрінбесе екен деп тіледім. Бұл кісіден бар қазақ – бір қазақ, елдік, бірлік хақында жанға жақын, көңілге демеу дәметкен өзім, өзіме өкпелеп қалдым. Уызға теңеген ойымнан ұялдым.