Алысқа жетелеген арман
Қарашаның қара суығы қатқыл келеді деуші еді. Сырттағы өткір жел өңменіңнен өтеді. Таң бозарып енді ата бастаған тұста жолға шықтық. Қыстың күні белгілі емес пе, таң атса, күн батады. Бет түзеген бағытымыз бұрын бармай жүрген жеріміз емес. Алтынсарин ауданына талай рет атбасын іріккенбіз. Бұл жолғы сапардың жөні мүлде басқа…
Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Мықансалықұлы Ахметовпен бірге қызмет істеп, қоян-қолтық араласпағанымызбен мен бұл кісіні көптен бері танимын. Кезінде Бәкең басқарған "Бидайық" кеңшарының жетістіктері туралы "Торғай таңы" газетіне де жазғанмын…
Жә, бәрін басынан бастайыншы.
Әлбетте, ел басқару оңай емес. Батырбек Мықансалықұлының тізгін ұстаған жылдары ауылшаруашылығы жаппай жекешелендіруге көшіп, мемлекет меншігінен енші алған ұжымдар өз күндерін көруге бет бұрған "аласапыран" кезеңдер еді. Бірақ, еңбек көрігінде шыңдалып өскен бұған аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – "Бидайық" кеңшарының бар шаруасын үйіріп әкету аса қиындық туғыза қой-ған жоқ. Өйткені, сексенінші жылдардың ортасында ғана құрылған кеңшардың алғашқы күндерінен бастап Батырбек ша-руашылық жұмысына белсене араласты.
Әлі есінде, қапсағай денелі, тепсе темір үзетін жігіт Германия жерінен екі жылдық әскери борышын өтеп оралғасын, Алматыдағы сырттай оқуын қайта жалғастырмақшы еді. Бірақ, ұлдың үлкені болғандықтан әке-шешесі мұны жібергісі жоқ. "Оқуымды жұмыс істей жүріп те біті-рермін"– деп түйді өзі де. Сөйтті де аудан орталығына барып, милицияға жұмысқа орналасты. Құқық қорғау саласында қызмет атқара жүріп, Омбыдағы өрт сөндіру техникалық училищесіне құжаттарын тапсырған. Оған өкінген емес. Мамандығы бойынша төрт жылдай Жанкелдин ауданындағы өрт сөндіру мекемесінің инспекторы қызметін атқарды.
Бірақ, бәрібір көңілі қоңылтақси береді. Бар ойы шаруашылық жұмыстарына қарай жетелейтінін іштей сезеді. Оның бұл ойы адастырмапты. 1985 жылы "Бидайық" кеңшары жаңадан құрылды. Мидай далаға қазық қағып, еңселі бір елді мекеннің іргетасын қалаған алғашқы директор – Қалап Тілеубайұлы Қанафиннің ұстанымы мен өмірлік тәжірибесі көмекке келді. Алғашқыда кеңшардың машина-трактор паркіне меңгеруші болып орналас-қан. Жаңа кеңшарға күн аралатып жаңа техника үсті-үстіне ағылып кеп жатқан тұс. Шаруа бастан асады. Жас маман мұның біріне де мойыған жоқ. Қай жұмысқа да епті. Шаршауды білмейтін. Шаруашылық басшысы қайда жұмсаса да бұл істің тетігін таба қояды. Арада жарты жыл өткенде Батырбек МТМ-ға меңгеруші боп бекітілді. Қалап Тілеубайұлы кадр мәселесіне жіті қарайды. Қолынан іс келетін жастарды жауапты жұмыстарға көбірек жұмсап, ысылтып алады. Басшының түпкі ойы белгілі. Түбі шаруашылыққа осылар қалмай ма. Соны күні бұрын ойластырып, қиюын келістіре қоятын талапшыл директорға шамасы Батырбектің бет алысы ұнаса керек. Екі жылдан соң Бәкең кеңшардың бас инженерлік қызметіне жоғарылатылды. Бұл кезде ол Алматыдағы ауылшаруашылық институтының аграрлық факультетіне тағы сырттай оқуға түскен.
– Институттың төртінші курсында оқып жүргенде оқу орынының басшылары маған өз мамандығың бойынша жұмыс істе деген талап қойды,– деп еске алады сонау бір кезеңдерді ой елегінен өткізген Батырбек Мықансалықұлы,– Бұл шаруаның да орайы түсті. Мен №4-ші бригадаға бригадир болып тағайындалдым. Арада тағы екі жыл өткенде қалақтай дипломды қалтаға басып, елге оралдым.
Бұл 1991 жыл еді. Жоғары білімді мамандар жерде қалмайды. "Бидайыққа" алып-ұшып жеткен Батырбекті енді жаңа лауазым күтіп тұрған еді. Кеңшардың бас агрономдық қызметін бұл да жатсынған жоқ. Қалай дегенмен алты жыл оқып тауысқан мамандығы емес пе. Құдайға шүкір, жердің жағдайын жақсы біледі. Жоспары түзулі. Арада бір жарым жыл өткенде Батырбек Мықансалықұлына кеңшарға директор болу туралы ұсыныс түсті. Бәкең бұған онша ықылас таныта қоймағанымен, Қалап ағасы шын қалап тұрған соң көңілін қалдырғысы келмеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесіне арқа сүйеп, іске бар ынтасымен кіріскен. Елімізде ауылша- руашылықтары жаппай жекешелендіріліп жатқан кезеңдер осы тұс. 1992 жылы "Бидайық" қауымдастығының төрағасы, ал үш жылдан соң ұжымдық кәсіпорынның директоры болды. Одан "М.Дулатов атындағы" ЖШС директоры болып қызмет істеді. Сөйтіп, 1998 жылға дейін туған жерден табан аударған жоқ.
Басшылық қызметте баяғы Қалап ағасының айтқан ақылын басшылыққа алады. "Шынында да әулие кісі екен ғой, Қақаңдар! Тақыр жерге тау тұрғызған ертегідегі батырлар сияқты, айдаладан ауыл салып, айналасы он жылда үйдің санын 200-ден асырып жіберді емес пе. "Бидайықтың" өзінде 1500-дей адам тұрды. Үйді-үйге жылу тарттырып берді. Су кіргіздірді. Осылайша ежелгі Мыржақыптың елі дәулеті тасыған шаруашылыққа айналды. "Мен бұл кісі туралы ана бір жылдары аудандық "Біздің Торғай" газетіне "Өмір ұстазы" атты мақалалар топтамасын ұсынғанмын. Шамамен жеті-сегіз нөміріне шықты-ау деймін. Бұл менің ұстазға деген шәкірттік ілтипатым еді", – дейді сөз арасында жанашыр ағасына деген құрметін білдіріп.
Сол "Бидайықта" (қазіргі М.Дулатов ауылында) күні бүгінде бар болғаны 30 шақты ғана үй қалды. Бірақ, әлі он мың гектарға егін себеді. Арқаға аяздай бататыны сол, "Бидайықтан" елдің үдере көшуіне ана бір жылдары жарықтың бе-рілмеуі басты себеп болды. 1996 жылғы егін орағынан кейін ауыл жарықтан түгел ажыратылды. Бұл ең бір қиын кезеңдер еді. Серіктестік директоры Батырбек Ахметов солярка іздеп Қостанайға кеткен. Бар тапқан-таянғанын жермайға айырбастап, ауылға аттандырады. Қыстың көзі қырауда электр стансасын соляркамен ұстап тұру азаптың азабы. Бірақ, басқа амал тағы жоқ. Келесі тоқсан жетінің көктемінде, егіс науқаны алдында жарық бере ме деп үміттенген бидайықтықтар. Одан да қайыр болмады. Бұл қысастық не үшін? Ауылдың электр жүйесіне бір тиын қарызы жоқ. Сөйте тұра жарықты күте-күте көз талды. Алайда, шаруашылық жұмысын бір сәтке болса да іріккен жоқ. Сол жылы тұқымды бірдеңе қып тазартып, сеуіп шықты. Ақыры, 1996 жылы сөнген жарық араға он жыл салып, Батырбек Мықансалықұлы Жанкелдин ауданына әкім боп тағайындалғанда бір-ақ қосылды. Осы екі ортада Қызбелден Бидайыққа тартылған электр желісінің дымы қалмаған. Аудан басшылары қалқиған бағандардың сақталғанына шүкіршілік етті. Міне, "Бидайықтың" тоз-тозы шығуына жоғарыда айтқан жағдай себеп болды. Жергілікті тұрғындар ауылдың болашағына күмәнмен қарай бастаған кез. Олар көп ойласқан жоқ, серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы – Батырбек Қостанай жаққа қоныс аударғанда, онымен бірге 58 отбасы ірге көтеріп, Алтынсарин ауданындағы Осиповка ауылына көшіп келді.
– Өзімізбен бірге бір бөлімшенің ғана техникасын алдық. Қалған 17 К-700, 60 шақты комбайнды елдегі жігіттерге қалдырдық, – дейді Бәкең.
Батырбек Мықансалықұлы туған жер – қазіргі Саға селолық округіне қарасты №8-ші ауыл. Ол кезде №4 ферма деп аталатын. Бала Батырбек сондағы Қаратал бастауыш мектебінде тіл сындырды. Бұлар мектеп табалдырығын аттаған жылы ауылдағы сегіз жылдық білім ошағы бастауыш мектепке айналды. Сонда төртінші сыныпқа дейін оқып, кейін ол Ақсуат (қазіргі М.Дулатов атындағы) орта мектебінде оқуын одан әрі жалғастырған. Әкесі Мықансалық Хамитбекұлы Ұлы Отан соғысының мүгедегі еді. 1943 жылы Сталинград шайқасында бір қолынан айрылып, елге оралған. Содан зейнеткер-лікке шыққанға дейін сатушы болды, пош-та тасыды, бөлімшенің шаруашылық меңгерушісі сияқты түрлі жұмыстар істеді. Шешесі – Ботыш марқұм алғашқы балалары дүниеге келгенше "Молотов" колхозында мал баққан. Кейін ғой, бала тәр-биесімен үйде отырғаны. Ол кісі он бір құрсақ көтерген. Батырбектің алдында төрт апасы бар еді. Бүгінде Рақила, Ұлмекен апалары бақилық болған. Қалғандары, құдайға шүкір, аман-есен жер басып жүр.
Батырбек Ахметов Жанкелдин ауданында әкім болған жылдары Торғайда көп шаруа тындырды. Сенатор Кенжеғали Сағадиев арқылы республика қазынасынан 69 млн.теңге бөлдіріп, Көкалаттағы Айса Нұрманов бөгеті жөнделді. Шындығында бұл бір айта жүретін шаруа. Өйткені, бөгет салынғалы бері бұлай дұрысталмап еді. Бәкең ауданға барғаны жылы өңірдегі білім ошақтарының жетеуі пешпен жылытылатын. Бір жылдың ішінде соның бәрі бумен жылыту қондырғысымен ауыстырылды. 2005 жылы аудан орталығындағы 17 шақырымдық су құбыры жаңартылды. Ақкөл,Қарасу және Милісай ауылдарында үш бірдей жаңа мектеп бой көтерді. Ақшығанақ, Ақкөл,Қарасу ауылдарына су тұщытатын қондырғылар орнатылып, ел игілігіне асты. Аудандағы бүкіл мектеп жөнделді. Торғайдағы музыка мектебін жаңа ғимаратқа көшірдік. Қазір талапты балалардың көбі музыка мектебінің интернатында жатып оқиды. Айта берсек, Батырбек Мықансалықұлының туған жерінде атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ең бастысы, көп пәтерлі тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, жұртшылықтың қоныс тойын тойлау кезеңі де Б.Ахметовтың әкімдік қызметімен тұспа-тұс келді. 2007 жылы Қызбелде жаңа мешіт пен медпункт салынды. Рас, Бәкеңнің Торғайда атқаруға тиісті бұдан өзге шаруалары көп тұғын. Біз еске түскендерін ғана қаламымыздың ұшына арқау еттік. Ол оған дейін де, кейін де талай қызмет атқарды. Бәкеңнің өмір-баянына көз жүгіртсеңіз, қырық жылдан астам еңбек өтілінде көптеген лауазымның тізгінін ұстаған екен. Біз оны тізіп шығуды мақсат етпедік.
Оның Алтынсарин ауданының әкімі қызметіне тағайындалғанына да бесінші жылға аяқ басты. Қарап отырған жоқ. Бастаған істі соңына жеткізбейінше байыз тауып отыра алмайтын баяғы әдеті.
Бұл еңбегі мемлекет тарапынан әділ бағаланды. Соның дәлеліндей омырауында "Құрмет" ордені, "Ерен еңбегі үшін" медалі жарқырайды. Мұның сыртында басқа медальдері тағы бар. ҚР Президентінің Алғыс хатына ие болды. Қостанай облысы әкімдігінің грамотасымен де марапатталған.
…Батырбек Мықансалықұлы қызметте талапшыл кісі. Өз перзенттерін де темірдей тәртіпке үйреткен. Ешқашан еркелетіп көрген емес. Жұбайы Күлдірайхан Әуезханқызы екеуінің отасқандарына биыл 38 жыл болыпты. Ұл-қыздарының бәрі бүгінде өмірден өз жолдарын тап-қан. Талғаты Таран аудандық ІІБ басшысы, Әділі – шаруа қожалығын басқарады.Оған Әмірі көмекші. Жаннасы – заңгер. Оның да үш баласы бар, Алматыда тұрады. Тек Динарасы мен Азаматы 11 сыныпта оқиды.
Қалай десек те, Бәкең жапырағын кеңге жайған мәуелі бәйтеректей жан-жағына зор шарапатын төккен азамат. Адамгершілігі мен кісілігі мол, жан-жақты, терең ойлайтын, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, керек жерінде ұстараның жүзіндей кесіп тастайтын тұлға.
Иә, Бәкең туабітті табандылығы мен біліктілігінің арқасында биіктерге өрлеп, өзінің абзал азамат атына дақ түсірместен келеді.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Суреттерде: Батырбек Мықанса-лықұлы және ол отбасымен бірге.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.