Елге қауіпті

Тілін  безеп бастайды,
Ауызын  бір бақпайды.
Бүлдіретін ел ішін,
Өсек айтып тастайды.
 
Ұят-ау деп жатпайды,
Нені айтып шатпайды.
Сөзін естіп отырсаң,
Ішкен асың батпайды.
 
Көрмеген соң қақпайды,
Сосын қалай лақпайды.
Жұртшылықтың көбіне,
Бұл қылығы жақпайды.
 
Бұл не деген жарлы ұғым?
Ұятсынбай барлығын,
Бұрмалаумен заманның,
Орнатады тарлығын.
 
Емеурінін байқадым,
Дәріптеп өз аймағын,
Білгісі де келмейді,
Тұтас ұлттың қаймағын.
 
Сондай  жікшіл білгіштер,
Жөнсіз іске кіргіштер.
Алға басқан жақсының,
Балағынан  ілгіштер.
 
Айтуға едім зауықты,
Осы – елге қауіпті.
Күншілдіктен әлеумет,
Қашан пайда тауыпты?!
Қуанышбай Қазымбеков.
Арқалық қаласы.
 
Жедің ғой кісі ақысын
Ертеде қайсібір шопандар өзара келісіп, жеке адамдардың ұсақ малдарын отарына қосып баға береді екен. Бірақ алуға барғанда сол малдарын бермей, "су аяғы құрдымға" жіберетіндер де болыпты. Арқалықтық Сағи Әбілхасенұлының да сондай шопандарға тап болғаны мына өлеңінен байқалады:
Қанағат етіп барыңды,
Көрінбедің жағымды.
Әдейі іздеп барғанда,
Бермедің қосқан малымды.
Ағайын-ілік едің де,
Болып ем саған сенімде.
Ойымнан бірақ
шықпадың,
Қалды ғой сосын көңіл де.
Жедің ғой кісі қақысын,
Көпсінсең егер алғысты,
Аларсың көптің қарғысын.
Қарамадың ұятқа,
Ұяттан жүрсің жырақта.
"Олжаңды" жұмса дәріге,
Ұшырап үлкен сырқатқа.
Жақпасын осы қылығың,
Тар екен ғой ұғымың.
Аяққа бастың арыңды,
Қызықсыз өтсін ғұмырың.
Бірі бол қарғыс атқанның,
Бұйырмасын тапқаның.
Ахиретке барғанда,
Азап болсын тартқаның.
 
Дәмі аузымнан кетпейді
Шілденің аспан айналып жерге түсердей ыстығында Арқалық ауданы Майкөтов ауылының азаматы, кәсіпкер Шәкен Әбікенов Сағиға базардан қымыз әперіп, сусынын қандырыпты. Сонда Сәкең қолын жайып, ерекше ықыласпен былай деп бата беріпті:
"Крутойлар" көп дейді,
Бірақ саған жетпейді.
Кейбіріне балдыздың,
Сөзім онша өтпейді.
Сен әперген қымыздың,
Дәмі аузымнан кетпейді.
Ұзақ жасап, қызық көр,
Батамен ер көктейді.
 
Сөзі сүйектен өткен болар
Әулиекөл ауылында тұратын Қалтай (есімі өзгертілді) деген кісі Сәкең үйінен арақ дәметіп, күнде есік тоздырыпты.Ол бір сауыққанда Сағи оған мына өлең шумақтарын арнап, ұсыныпты:
Бәлесі бар ма ішіңнің,
Арақтың түбін түсірдің.
Қалт-құлт етіп құлаумен,
Бетіңді талай ісірдің.
Бірінің тілін алмадың,
Үлкен менен кішінің.
Аулақ-аулақ жүр әрі,
Мазасын алмай кісінің.
Осы сөз сүйектен өткен болар, ол бұдан былай Сағидың үйінің маңайын баспайтын болыпты.
Ибраһим  АҒЫТАЕВ.
 
Суретші көзімен
Суреттерді салған Бағдат САРДАРБЕКОВ.
 
САНДАЛҒАН  САУАЛ
Нар тәуекел! Жетінші атам Жалтырбасты батыр қылып шығаруға бел байладым. Менің бұл атам кезінде атақты бақсы болған көрінеді. Ауруды айнала жүгіріп, айқайға басып емдегенде аузынан ақ көбік атқылап, шалқасынан түсіп, есінен танып қалады екен. Есін жиған кезінде науқастың да беті бері қарап, ыржия бастайтын болыпты. Әнеки, көрдіңіздер ме, менің бабам қандай ғажап адам болған. Бақсылық тұқым қуалайтын көрінеді ғой. Кейде менің де екі иығымды "жұлып жеп", айқайлап отыратыным бар. Осы бақсы бабамды батыр қылып шығаруға тәуекел еттім. Өйткені, қазір батырлар жақсы марапатталып жатыр ғой. Көше атын береді, ұрпақтары ескерткіш орнатады дегендей. Бақсыға мұндай құрмет қайда. Сондықтан Жалтырбас бабам қалмақты қойға шапқан қасқырдай қырғынға ұшыратты, бір шайқаста   жалғыз өзі жүз қалмақтың желкесін қиды деп газеттер мен теледидар арқылы жарты әлемге жар салғым келіп жүр. Оның анық-қанығын кім біліп жатыр, кім тексеріп жатыр.
Құрметті "Усойқы!"  Бұл не сандалып отыр деп аузыңызды қисайта көрмеңіз. Өмірімде сандалып көрген емеспін. Жынды ма деп те ойлап қалмаңыз, оллахи-биллахи, ақыл-есім бүтін, алжасқан жоқпын. Менің  мақсатым – Жалтырбас бабамызды батырға айналдыру арқылы руымыздың атақ-абыройын аспандатып тастау ғой. Әйтпесе, панимайшь, ана ру да өз батырын шығарып жатыр, мына ру да шығарып жатыр. Сонда не, біз тоқалдан тудық па?  Сіз менің осы ойыма қалай қарайсыз? Өз руымның абырой-беделін ойлағаным үшін ешкім мені жазғыра қоймас.
Құрметпен, Қалпақбай.
 
Құрметті Қалпақбай,сіздің бақсы бабаңызды батыр қылып шығармақ болған ниетіңізді біліп, қатты қуанып отырмыз.  Өйткені, еліміздегі батырлардың саны тағы бір адамға артқалы тұр ғой. Ең бастысы, Жалтырбас батыр  арқылы өз руыңыздың абырой-беделі аспандап, жарқырағалы тұр. Сіз болмасаңыз, бақсыны батыр қылып шығаруға кімнің жүрегі дауалайды? Іске сәт, алған ойыңыздан қайтпаңыз.
Құрметпен, "Усойқы"
 
Сұраңыз, жауап береміз
Қисық деген қылжақпас жүрген жерінде "Біздің  Көктемес ауылы ақылды, керемет ақылды" деп қақылдайды да жүреді. "Ақылдылығы неде?" деп сұрасаң, " оны айтуға болмайды, бұл – құпия" деп аузын қисаңдатады.
Құрметті "Усойқы!", сізді де жұрт керемет ақылды деседі ғой. Шынымен данышпан болсаңыз, Қисықтың әлгі сөзінің мәнін ашып беріңізші. Оның ауылының ақылдылығы неде?
                                                       Құрметпен, Шикібас.
Құрметті Шикібас!  Астапыралла, ренжімеңіз, атыңыз солай болған соң айтып жатырмыз ғой енді. Басы шикі адамдарға Қисықтың қылжағын түсіну қайда!
Шиеке, мұның мәнісі былай ғой. Сіз ауылдың атына назар аудардыңыз ба? Аударған жоқсыз, әрине. Мәселенің бәрі соның Көктемес деп айқайлап тұрған атында емес пе? Ол неге көгермейді? Аты анандай деп "айқайлап" тұрған соң қалай көгерсін. Яғни, бұл ауыл егін екпейді, шөп шаппайды, баяғы совхоздар сияқты мал ұстамайды. Соған қарап біреулер бұл ауылды жынды екен деуі мүмкін.  Жоқ, айта көрмеңіз. Керемет ақылды ауыл. Егін екпеген соң, шөп шаппаған соң, мал ұстамаған соң бұл ауыл ешқашан ешкімге есеп бермейді, ешкімге бағынбайды, ешкімнен қорықпайды, ешкімге жалпақтамайды, ештеңеден жалтақтамайды, бұл ауылдан ешкім ештеңе сұрамайды. Вот, мәселе қайда. Жер-көктен іздеп дәл осындай ауыл таба аласыз ба, жоқ, таба алмайсыз. Қандай керемет ақылды ауыл! Түсінсеңіз де, түсінбесеңіз де менің өлшеусіз шексіз ақылым осылай дейді.
                                                                      Құрметпен, "Усойқы".
 
Жұмбақ
Осыдан екі жылдай бұрын Қостанай қалалық моншасының ішіндегі буфеттен Қостанай сыра зауытының  "сіп-свежи" құйылмалы сырасы "сарқырып тұратын еді".  Моншаға түсіп жүргендер "пардан" шыға салып, шөл даладан келгендей жұтқыншақтары бүлкілдеп, көбігі "атқылап" тұрған "жас" сыраны бірінен соң бірін сіміретін кеп. Ой, рахат-ай десеңізші. Жабысып тұрған қарныңыз үрлеген шар сияқты шермиіп шыға келетін. Әңгіме дегенің ду-ду, тура курортта жүрген сияқты едің.
Содан қандай жын ұрғанын ит білсін, күндердің бір күнінде  аспан күркіреп, найзағай ойнап, әлгі сыра зауытының буфеттегі көл-көсір құйылмалы сырасы суалды да қалды. Жұрт әрі мәңгірді, бері мәңгірді, бірақ бұл "жұмбақтың" жауабын таба алмады. Содан міне, шамасы екі жылдай болды, әлі суалып тұр. Рас, моншадан 100 метрдей жерде мектеп бар, бар "пәлені" содан көрейін десең, (заң бойынша 100 метрдей жерде мектеп болса, алкаголь ішімдіктері сатылмауы керек) әлгі буфеттің ішіндегі бөтелкедегі сыралар сыймай сіресіп-ақ тұр. Бөтелкедегі сыраны сатуға болғанда, "анау" "балдай тәтті" сыраны сатуға неге болмайды деп мәңгіресің. Әлде монша басшылары сыра зауытының басшыларымен ұрысып қалды ма екен, әлде тексеруші "пысықтар" "свежий" сыраны ішуге болмайды деп "жарлық" шығарды ма? Әлде бұл іске бақсы-балгерлер араласып, дуалап кетті ме?
Құрметті қалалық монша сырақорлары! Бұл аса маңызды "мемлекеттік" мәселеге сіз болып, біз болып жаппай араласып, жауабын таппай тынбайық. Жауабын бірінші тапқан адамға бір жылқы сыйлығымыз бар. Ол жылқыны Торғай даласында жайылып жүрген  менің көп жылқымның ішінен таңдап ала беріңіз.
Құрметпен, жылқыға жомарт "Усойқы".
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓