Екі Күләш тумайды

Динара  КадыроваБіз  мәдениет, тарих, ғылым саласында зор еңбек сіңірген  тұлғаларымызды танып болдық па деген сұрақ әрқашанда мені мазалайды. Мемлекетіміздің тарихында  орын алатын сондай адамдардың бірі деп қазақ халқының бұлбұл әншісі Күләш Бәйсейітованы айтуға болады.
Күләш Жасынқызы – қазақтың бұлбұл әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, КСРО-ның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қоғам қайраткері және мәдениаралық қатынасты орнатушы. К.Бәйсейітованың артта қалған еңбектерін зерттеген кезде, оның халықтар арасындағы достастық үшін атсалысқандығына көзім жетті. Күләш апамыздың мәдениаралық қатынасты орнатудағы еңбегіне көшпестен бұрын, оның опера өнерінің негізін салушы ең алғашқы адам болғандығы жөнінде айтып кету жөн. Күләш Бәйсейітованың өнер жолы 1928 жылдан басталды. Сол жылы болашақ әнші Алматыдағы тұңғыш професссионалдық драма театрының табалдырығын аттады. 1933 жылы "Еңлік-Кебек" пьесасындағы Еңлік рөлін ойнаған Күләш қазақ сахнасында тұңғыш рет ән салады. Міне, осы кезде қазақ операсының негізі қаланды деуге болады. Күләш симфониялық оркестрмен ән салған ең бірінші қазақ  әншісі болды. "Ақиқатында, егер сол сәтте өнерде Күләш болмаса, бұл музыкалық театр да, оның үстіне опера театры да ашылмайтын еді," – деп айтқан болатын Сара Латиева. Ол кісі Күләш Бәйсейітова өмірі мен шығармашылығы жайлы кітап жазған журналист. Ал, Күләш Бәйсейітованың  зор әншілік өнері бағаланғаны 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның он күндігінен басталады. Мұрағаттағы Күләш Бәйсейітованың күнделігінде "Мәскеу – әлемнің жүрегі" деген тіркес бар екен.  Осылай жазуына 1936 жылы өткен Мәскеудегі қазақ өнерінің декадасы себеп болғаны анық. Өйткені, сол жылы қазақ әртістері орыс жұртшылығының ерекше ықыласына бөленіп қайтты. Әсіресе, "Қыз Жібек" операсы орыс халқын қайран қалдырды. Осы онкүндік туралы орталық газеттерде оң баға берілген материалдар жарық көрді. Орыс және Кеңес опера әншісі В.Барсова ол туралы былай деген: "Мен де көптеген жолдастарым сияқты К.Бәйсейітовамен жақында, Қазақ искусствосының онкүндігінде таныстым. Шындығын айту керек, жас әнші маған өте үлкен әсер етті… Мен оған тең келетін әншіні атай алмас едім, қазақ әншісінің өте серпінді, әрі жеңіл, ақаусыз ашық дауысы өзгелерден айрықша, ешкімнің әуезіне ұқсамайды. Күләш Бәйсейітова – тек қазақ өнерінің емес, бүкіл Кеңес өнерінің мақтанышы". Ал, Орыс және Кеңес опера әншісі А.Нежданова оны "Чудо" деп атаса, "Қазақстанның бұлбұлы", "Күләштің дауысына  теңдесер  дауыс бірен-саран-ақ болар?" – дегенді И.М.Москвин, К.С.Станиславский сияқты ұлы өнер майталмандарынан естиді. Сол жылғы жазылған құжаттарға, материалдарға жүгінсек, Күләш Бәйсейітованың өнерін тамашалағандардың қатарында сол кездегі билеуші – ұлы Сталиннің өзі болған-ды. Күләш "Қыз Жібектің" "Гәккуінің" соңғы шумағын айтып жатқанда, Сталин бастаған өкімет адамдары кірген еді. Яғни, кешігіп қалған соң Сталин: "Мына әншіні басынан бастап тыңдау керек еді" – деген.
1936 жылы КСРО-ның халық әртісі атағын 24 жасында Күләш Бәйсейітова алғанда, Сталин "операны грузиндерден де жақсы айта алатын қазақтың қызы бар-ау" – деп, оның орындаушылық шеберін жоғары бағалапты. Сөйтіп, Бәйсейітоваға Палиашвилидің "Даиси" операсындағы Марроның рөлін ұсынып, Тбилисиге  аттандырады.  Күләш  Бәйсейітова өмірдің соңына дейін жазған күнделігінде Тбилисидегі сапарын ерекше сипаттайды. Ол былай деп жазады: "Даиси" операсындағы грузин қызы Марроның образы маған қатты ұнайтын. Бұл образ – өзінің атақтылығы жағынан, халыққа сүйкімділігі мен белгілілігі жағынан грузин халқының Қыз Жібегі. Сахнаға алғашқы шыққанда аздап та болса жүрексіндім. Өйткені, грузин сахнасында сол елдің сүйікті қызы болып ойнау, оның образын жасау қиын еді. Мен өз ана тілімде ән салдым. Бұл операның да, сондай-ақ, бүкіл ансамбльдің де көркін бұзған жоқ. Алғашқы актіден бастап-ақ театр көруші жұртшылық мен орындаған Марро образын сүйсініп қарсы алғандығын байқадым." Күләш Бәйсейітова грузин халқын қатты ұнатқаны сөзсіз. Тіпті Грузиядағы Гори дейтін қаласындағы сапарынан жиналған ақшаның барлығын сол жердегі балалар үйіне беріпті. Күләш Байсейітованы жат жұртқа танытқан туындарының тағы бірі – Пуччинидің  "Чио-чио-сан"  операсындағы  мадам Баттерфляйдың партиясы. Осы операны орындағаны үшін Қытайдың үкімет басшысы Пекинге шақырады. Қытайға бармай қалса да, Күләштің өнеріне тәнті болған Қытай халқы қыштан, фосфордан, керамикадан, саздан жасалған 5 құмыра сыйға беріпті.  Сонымен, Ленинград, Каунас, Прага, Варшава, Одесса, Львов, Рига, Вильнюс, Киев, Минск, Винница, Петербург, Троицк, Синьцзян, Ұлан-Батор, Ташкент, Фрунзе, Краков, Рыбник, Катовица  қалаларында болып, орыс, әзірбайжан, грузин, татар, жапон халқы қыздарының бейнелерін сахнада сомдады. Халқымыз жезтаңдай әншісін әрқашан ардақтап, есте сақтасын деп тілегім келеді. Өйткені,  еліміздің атақты бишісі Шара Жиенқұлова айтқандай: "Екі Күләш тумайды."
Динара ҚАДЫРОВА,
С.Мәуленов атындағы гимназияның 10 сынып оқушысы.
Қостанай қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓