Шеберлік сынға түскен сәт
Еуразиялық Топ кәсіпорындарының жұмыскерлері арасындағы дәстүрлі «Алтын қор – 2018» кәсіби шеберлік байқауы «ССКӨБ» АҚ базасында өтті. Екі күн бойы кен алыбының өнеркәсіптік алаңдарында «Қазақстандық электролиз зауыты», «Евроазиаттық энергетикалық корпорация», «Қазхром ТҰК», «Шұбаркөл көмір», «3-Энергоорталық», «ERG Service», «ТрансКом» компанияларының іріктеуден сүрінбей өткен ең үздік жұмыскерлері жеті аталым бойынша өзара сынға түсті. Олар көпірлі кран машинстері, электр-газбен дәнекерлеушілер, электр жөндеушілер, экскаватор, бульдозер және автосамосвал машинистері. Биыл тұңғыш рет жол монтерлары командалық жарысқа түсті.
Байқаудың салтанатты ашылу рәсімі кәсіпорынның кадрларды оқытып даярлау орталығында өтті. Онда қатысушыларды Еуразиялық Топтың әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Владислав Михайлов құттықтап, сәттілік тіледі.
Корпоративтік жарыстар екі кезеңнен тұрды: бірінші күн мамандардың теориялық білімдерін тексеруге арналса, екінші күні практикалық дағдылары сыналды. Ұсынылған тапсырмалардың әрбірі қатысушылардың жинақылығын, кәсіби шеберлігін, мақсаткерлігі мен жауапкершілігін талап етті. Өйткені дәл осы қасиеттер Еуразиялық Топтың басты құндылықтары саналады.
– Бұл менің алғашқы кәсіби шеберлік байқауым. Жарыстың әрбір қатысушысы – өз ісінің шебері. Қобалжу, әрине, болды. Алайда жақсы нәтиже көрсетуге деген ұмтылысым одан басым болды. Осылайша білім мен тәжірибемнің арқасында барлық сұрақтарға бірінші болып жауап бердім, – дейді теориялық кезеңді артқа тастаған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының кран машинсі Эдуард Кеппель.
– Осындай байқаулард шеберлік дағдыларымызды дамыта түсуге ынталандырады. Өз кәсіпорныңның намысын қорғау үлкен жауапкершілік. Өйткені сен – бүкіл ұжымның айнасысың. Сол себепті уайымды ұмытып, үздік болуға ұмтылу керек, – дейді «ССКӨБ» АҚ Жол шаруашылығы және құрылыстар басқармасының жол монтері Жүніс Ақтауов.
«Алтын қор – 2018» байқауының соңғы нүктесі «Горняк» мәдени ойын-сауық орталығында қойылды. Еуразиялық Топ басшылығының шешімі бойынша үшінші орын алғандар 150 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынға 200 000 теңге тағайындалса, жеңімпаздарға 250 000 теңге табысталды. Кәсібилік, байсалдылық пен тапсырмаларды орындауда үздік нәтиже көрсеткендер ең жоғары марапатқа ие болды. Олар: самосвал жүргізушісі Виталий Гупалов («ССКӨБ »АҚ), бульдозер машинисі Серик Дабысов («Қазхром ТҰК» АҚ), экскаватор машинисі Сергей Фридрих («ЕЭК» АҚ), кран машинисі Мария Горячева («Қазақстан Алюминийі»), электр-газбен дәнекерлеуші Юрий Грачев («ССКӨБ» АҚ), электр жөндеуші Александр Загура («ССКӨБ» АҚ). Байқаудың «пилоттық» кезеңінде ССКӨБ-тың жол монтерлары – құрамында Алексей Шейнога, Жаңабек Омаров, Жүніс Ақтауов бар бригада жеңістің тұғырынан көрінді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ