Кім мықты?
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қостанай академиясының спорт кешенінде Қазақстан Республикасының бірінші Президенті күніне арналған облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының қолдауымен "Алтын күз" қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнирі болып өтті.
– Осы турнир 1999 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Рас, алғашқы жылдары турнирге мектеп жасындағы оқушы ұл-қыздарымыз қатысқан болса, одан кейін ересек жастар да қатысуға мүмкіндік алды. Ал, биылғы жарысқа спортшылар екі категориядан (16-18 және 19-21 жастағы) он алты салмақ бойынша сынға түсті. Турнирге Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Астана, Арқалық, Рудный секілді қалалардағы осы спорт бағытындағы үйірмелер мен клубтың спортшылары қатысып, өздерінің өнерлерін көрсетті. Сонымен бірге "Алтын күз" турниріне бірінші рет Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының курсанттары және қоян-қолтық ұрыс бойынша Челябі облыстық федерациясының спортшылары қатысты. Сөз арасында айта кеткеніміз жөн, турнирге өңіріміздегі "Қостанай стройтеплокотл", "Медиа"фирмалары, ҚР "Динамо" дене шынықтыру-спорттық бірлестігі, "Легион" спорт тауарлары дүкені демеушілік жасап, көмектерін берді, – деді бізге ҚР ІІМ Қостанай академиясы әскери және дене тәрбиесі даярлығы кафедрасының бастығы полиция полковнигі Ю. Щур.
Турнирдің ашылуында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қостанай академиясының бастығы М. Қызылов, қоян-қолтық ұрыс бойынша бүкілқазақстандық қауымдастығының төрағасы Б.Мұханов, Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясы әскери және дене тәрбиесі даярлығы кафедрасының бастығы, милиция подполковнигі Т.Калыкбердиев құттықтау сөз сөйлеп, спортшылардың жақсы да жарқын ойындар көрсетуге игі тілектерін білдірді.
Екі күнге созылған республикалық турнирге жалпы алғанда барлығы он алты команда қа-тысты. Турнир барысында спортшылар өздерінің жақсы дене даярлықтарын, ұрымтал әдіс-тәсілдерін, қызу да тартысты қоян-қолтық ұрысты көрсете білді. Ал, енді нәтижесіне келер болсақ, командалық есепте турнирдің чемпионы атағын ҚР ІІМ Қостанай академиясының спортшылары жеңіп алды. Екінші, үшінші орынға Қарағанды, Ақмола облыстарының спортшылары ие болды. Және де әр салмақ бойынша жеңіске жеткен жеңім-паз спортшылар да сый-құрметтен тыс қалған жоқ. Сонымен бірге қоян-қолтық ұрыстың техникалық жағынан үздік ойын көрсеткен ақтаулық А.Дүнамалиев, ақтөбелік Б.Кенжетаев грамоталармен марапатталды. ҚР ІІМ Қостанай академиясы бастығының арнайы кубогына Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының тың-даушысы Р.Физиев ие болды.
Гүлназым
САҒИТОВА
Суретте: турнирден көрініс.