Инвестициялық форумда баламалы энергетиканы дамыту мәселесі талқыланды
2014 жылдың 28 қарашасында Шымкент қаласында «ЭКСПО-2017 КӨРМЕСІН ӨТКІЗУДЕГІ АЙМАҚТАРДЫҢ РӨЛІ» атты «Жасыл» экономика бойынша IІ Халықаралық инвестициялық форум өтті. Онда Қазақстанның баламалы энергетиканы дамыту саласындағы инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Қатысушылар Қазақстанда қайта қалпына келетін энергия көздерін дамытудың келешегін, «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» ҚР Заңын іс жүзінде жүзеге асырудың тұстарын, энергия үнемдейтін құрылыс материалдарына өтудің артықшылықтарын талқылап, бірқатар екіжақты кездесулерді өткізді.
Панельдік сессиялардың біреуі «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуді ұйымдастыруда аймақтардың ойнайтын рөлі мен маңыздылығына арналды. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры Салтанат Рақымбекованың сөзінше, Ұлттық компания Қазақстанның аймақтарын Халықаралық көрмеге қатысуға тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде, мәселен, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған.
Форумға министрліктердің, ұлттық компаниялардың, даму институттарының, екінші деңгейлі банктердің, шетелдік дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдардың, ірі шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, форумға АҚШ, Ресей, Германия, Италия, Польша, Венгрия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзияның кәсіпкерлері қызығушылық танытты.
Инвестициялық форумның шеңберінде ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің тақырыбы бойынша Жастардың аймақтық форумы өтті. "Шымкент" конгресс орталығында жастар ұйымдары мен орталықтары өкілдерінің қатысуымен «ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудегі жастардың рөлі» атты панельдік сессия өтті. Сессия барысында Оңтүстік Қазақстан облысы жастарына еріктілер қызметіне қатысып, ЭКСПО-2017 көрмесіне қолдау көрсету үшін іс-шаралар мен науқандарды ұйымдастыру ұсынылды.
Жастардың аймақтық форумы «Біз ЭКСПО үшін!» концертімен жалғасын тапты, онда Шымкент жастарын танымал қазақстандық әнші Айқын құттықтады.
ЭКСПО-2017 ұлттық жобасына қолдау көрсету үшін осындай іс-шаралар Қазақстанның басқа да қалаларында өткізілді.