Үш адам құм астында қалды
Облыс орталығындағы Алтынсарин Фролов көшелерінің қиылысындағы коллектордың құрылыс жұмыстары барысында қайғылы оқиға болды. Атап айтсақ, сол арада құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан үш жұмысшы үйілген құмның астында қалды. Оқиға салдарынан 2 адам мерт болып, бір адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Осынау суыт хабарды ести салысымен біз де оқиға орнына бардық. Қайғылы жағдай болған жерде жұмыс істеп жатқан төтенше жағдай қызметкерлері мен тәртіп сақшыларын көзіміз шалды. Бізді адам өліміне әкеліп соқтырған жерге жақындатпады.
Коллектор жанында құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандарды сөзге тарқанымызда мынандай жауап алдық: Оқиға кешкі 16.00 –де болған. Шақырту түсісімен жеткен құтқарушылар үйілген құм арасынан 2 жұмысшының бірінің жансыз денесін тапса, бірін хал үстінде жатқанда шығарып алыпты.
Ал, үшінші жұмысшының жансыз денесі алты жарым сағатқа созылған іздеу жұмыстарынан соң 22.30 –да табылды.
Мамандардың айтуына қарағанда, қос бірдей азаматтың өліміне себеп болған жағдай мердігер мекеменің қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағанынан болғаны анықталды.
Мешіт Ғазиз
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков