Аңызға бергісіз ғұмыр

IMG_7283Елбасымен кездесіп, сұхбаттасу үлкен құрмет. Ондай құрметке кез келген адамның ие  бола бермесі анық. Екінің біріне бұйырмас кездесу сәтіне қостанайлық ардагер Бертран Рубинштейн ие болған. Бүгінде жасы тоқсаннан асқан ардагер мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевпен бір емес, бірнеше мәрте жүздесіпті.
Бертран Рубинштейннің есімі біздің облысымызда, одан қалды республикада ке-ңінен танымал. Себебі, оның еліміздегі темір жол саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол өмірінің жарты ғасырдан астамын Қазақстанның теміржол көлігіне арнады. Қазақ темір жолы Қостанай бөлімінің тарихы да осы кісінің есімімен тығыз байланысты. Б.Рубин-штейн облыстағы темір жол бөлімінің тұңғыш бастығы әрі аталған ұйымды 33 жыл тапжылмай  абыроймен басқарды.
Кейіпкеріміздің өмір жолы өте қызық. Мәскеу темір жол көлігі инженерлері институтына оқуға түсуі, майдан даласында өткерген жылдары, еліміздегі темір жол саласының дамуына қосқан үлесі, бәрі-бәрі том-том кітапқа лайықты тақырыптар. Біз оның өткен тарихын айтудан гөрі көпке беймәлім қырларын баяндауды құп көрдік. Сондықтан кейіпкеріміздің үйіне барып, арнайы сұхбаттастық. Қарияның қала орталығындағы пәтері мұражайдан кем емес екен. Үйдің ішінде кітап пен сағаттан көп нәрсе жоқ. Ең қызығы оның жеке мұрағатында Еуропа мен Азияны байланыстыратын темір жол желілері белгіленген карта бар. Картаның ерекшелігі сол, онда әлемге танымал мемлекет басшыларының және ұлы тұлғалардың қолтаңбалары қойылған. Соның ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың да қолтаңбасы бар. Сондай-ақ Горбачёв, Ельцин, Лукашенко, Шеварнадзе сынды әр елдің басшылары мен саяси қайраткерлердің қолтаңбаларын көре аласыздар. 
– Қолтаңбаға толы карта идеясының авторы – менің досым әрі әріптесім, Қазақстанның тұңғыш көлік министрі  Нығматжан Есенғарин. Картаға әлемге танымал тұлғалардың қолтаңбаларын қойдырып, жинаған да сол кісі болатын. Кейін картаны маған сыйлады, – деді ардагер Б.Рубин-штейн.
Бертран Рубин-штейн Елбасымен әр кездесуін ерекше толқыныспен еске алады. Сондай жарқын жүздесудің бірі 2012 жылы болды. Аталған жылы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасын байланыстыратын "Алтынкөл" темір жол станциясына жұмыс сапарымен барған болатын. Сол уақытта жұмыс тобының құрамында ардагер Б.Рубинштейн де бар еді. Өткен жылы мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркіменстан шекарасы арқылы Парсы шығанағы елдеріне өтетін "Болашақ" станциясының салтанатты түрде ашылуына қатысты. Б.Рубинштейн еліміздегі темір жол саласының ардагері ретінде осынау айтулы іс-шараға қатысу құрметіне ие болды.
Ұлы Отан соғысының ардагері Бертран Рубинштейннің ғұмыры аңызға бергісіз. Оның алған марапаттары да жетерлік. "Дария кеуде, тау мүсін" деп дәл осындай азаматтарға арналып айтылғандай.
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓