“Көк сандықтың КҮМБІРІ”

Көксандықтың күмбіріБүгінде отандық телеиндустрияның тынысы жайлы әлеуметтік сауалнама жасар болсақ, "Қазақстандағы қай телеарна болмасын, батыстық  балама, бағдарламалары тілін өзгерткен көшірмесі ғана", – деген бірсыпыра шындығы бар жауап аламыз. 
Жарты ғасырдан астам ғұмыры бар қазақстандық телевизияны қалыптастыруда шетел шеберлеріне иек артып, еліктегеніміз де бар шығар. Ұқсап бағу – табиғат факторы. "Тәйірі, табиғат факторына телмірген екен мыналар, келешектен күдер жоқ", – деп үзілді-кесілді шорт пікір қалыптастыруға тағы болмайды. Неге десеңіз, елу жылдан астам өткені бар қазақстандық тележурналистиканың қалыптасуындағы атқарылған азды-көпті теледүниелерді ысыра салу әбестік.
Алғашқыдан қазіргіміз ал-қамшүкір. Еліктей жүріп, тәй-тәй басқан телетыныс кешегі дәурен. Алайда, әлі күнге әрнеге телебалама жасағыш үзеңгілестеріміздің аяқтары аспаннан келіп, стиль іздеу даңғылында дағдарып  жатады. Қанша дегенмен, көрермен сарапшы. Ал бүгінгінің нық адымы қалыптасып та қалған. Республикалық, об-лыстық арналарда  шешен де шымыр сөйлейтін ұл-қыздарамыз әмбеге таныс. Сондықтан да келешек бар. 
Облыстық "Қазақстан-Қостанай" арнасында тақырыптық бағдарламалар қатары біршама көбейді. Тізіп-түгендеп жатпауды жөн көрдік. Мұршамызға қарай мардымды телетуындылармен көрермендерімізді қуантуға асықпыз. Өңір тарихы, ғибратты тұлғалар, қоғам тынысы, саясат, мәдениет бағытындағы бағдарламалардың бірсыпырасымен қауышып та үлгердіңіздер. Әр бағдарламаның өз аудиториясы қалыптасқанын жоққа шығара алмаймыз. "Қостанай таңы" газетінің ұсынған "Көк сандық күмбірі" айдары қалың оқырманды арна тынысынан хабардар етуге тамаша мүмкіндік. "Теңге   – тиыннан, ынтымақ – ұйымнан" құралады емес пе, бұл бастаманы облыс бұқарасы құп аларына сеніміміз кәміл. Айдар аясында алдағы уақытта облыстық арнаның әр хабарымен жеке-жеке танысасыздар. Алдағы жаңа мау-сымға тың жобаларымыз бар, "аузымен орақ орғанның" кебі болмасын, олар жайлы эфирге шығар уақытында жариялап тұрамыз.    
Нұрқанат Нүсіпхан,
"Қазақстан-Қостанай" телеарнасының аға редакторы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓