Құранның пендені жұбатуы

Өткен айда бір жас жігіттің жаназасын оқыдық. Мәйітті оң жаққа қою секілді діни рәсімдерді атқару маған міндеттелгендіктен марқұмның қалай қайтыс болғанын өз құлағыммен естідім. Жас жігіт әлде бір белгісіз себептермен өз-өзіне қол жұмсаған. Ажалдың төрелеп келетіні мен төтелеп келетіні болады, – дейді қазақ. Бұл қаза төтелеп келген ауыр қаза болды. Өйткені жастары қырықтың қырқасынан шығып елуге иек артқан, ел ағасына айналған азаматтың жалғыз ұлы. Артында кіші қарындасы ғана қалды.
Кейін ата-анасын жұбату мақсатында әрі жерлеу рәсімінің кейбір мәселелерін түсіндірейін деген оймен үйіне бардық. Пенденің басын торқалы той не топырақты өлім қосатыны белгілі. Алыс-жақын туыстары жиналып, қабырғасы қарс айырылып отырған отағасы мен жұбайының қам көңілдеріне медеу боларлық "сабыр ет", "артының қайырын  тіле" дегендей сөздермен қазаларына ортақтасып, жұбатып жатты. Байқасам есінен адасуға шақ қалған отағасы мен жұбайының жанарында бірде-бір үміт отының жылт еткен белгісі көрінбейді. Енді, мен бұларды қалай жұбатсам екен деп ойландым. Қолымнан келгенше тағдырдың шындығын, жазмыштан озмыштың жоқтығын, тіршілік иелерінің бәрі өлімнің дәмін тататындығын, Абайдың өзі баласы Әбіш өлгенде "тағдырға тәбділ жоқ" деп көнгендігін айтуға тырыстым.
Онсыз да опырылып отырған отбасына ауыр болмасын деп өз-өзіне қол жұмсаудың шариғатта теріс екенін айтпадым. Тек сол жерде тыңдап отырған ағаларға бағыттап бала тәрбиесі тек қана әдемі киім, жайлы орын, жылы төсек қана емес екенін әрі бұл басқаларымызға сабақ екенін ескерейік дедім.
Әдетте көпшіліктің ауызындағы жұбату сөздің үлгісі былай болып келеді,  "Енді қайтып мұндай қаза шаңырағыңда болмасын", "арты той болсын", "өлген артынан өлмек жоқ", "сұм ажал жалғызыңды жалмап алып кетті, қолдан келер қайран бар ма?", "сабыр етсек керек" деген секілді бір жақты жұбатулар айтылады. Ойлап қарасақ ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң ауру-сырқаусыз, бейнет-мехнатсыз, өлім-жітімсіз болмай тұра ма? Абай хәкім айтқандай "Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, тағдыр жоқ қайта келіп ойнап күлмек". Жадыраған жаз солып, қурап күз болмақ, күздің арты  қатып, семіп қыс болмақ, сол секілді жастықтың жазы да қарттықтың күзіне ойысып, одан әрі қабырдың қысына барып жығылмақ. Бұл Жаратқанның бұлжымас заңы. Ендеше естілерден қалған "иманы жолдас болсын, қабыры нұрға толсын", "Алла алдынан жарылқасын", "Иманы шырақ, мінгені пырақ болсын" деген секілді жөні түзу жұбату айтуды өзімізге әдетке айналдырғанымыз жөн болар. Әйтпесе, өмір мен өлімнің иесіне (Аллаға)  наразылық қылып бекерге күнәға батамыз. Сынық қолмен күресіп, сырқатын одан әрмен асқындыр-ғанның кебі болармыз.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін, жақсы көретін бір ағамыздың бейсенбілік дұғасында әлгі ініміздің де бейсенбілігі болып жатқанын естірді. Бірден асты тастап  оған бара алмайтын болғандықтан, түстен кейін бір уақыт тауып, арнайы дұға қылатынымды айттым. Жігіттер көлік жіберетін болды.  
Бесін намазынан кейін көлік келіп марқұмның үйіне бардық. Жас жігіттің рухына арнап жасаған ас аяқталған екен. Кісі аяғы саябырсып  ағайын-туыс, дос-жарандары үйлеріне қайтқан болу керек, үйде отбасы бала-шағасынан бөтен артық адам көрінбейді. Екінді намазының уақыты таяп қалғандықтан менің де көп отыратын уақытым жоқ болатын. Бірден бара салысымен Құранға қол жаюға дайындалып, бір бөлмеге жинала қалды. Құраннан  аят оқығасын, жиналған кісілерден: "рұқсат болса бір азғантай осы оқыған Құранның мағынасына тоқталсақ, қарсы емессіздер ме", – деп рұқсат сұрап алдым. Шынын айту керек, сіздердің басыңызға түскен бұл жағдайды басына түспеген адам шын біледі деп айту қиын. Мен бұндай қайғыны көрген емеспін. Сондықтан айтарға жеңіл болған "сабыр ету керек" деп абызсымақтанудан аулақпын. Бірақ, Құранның үйретуімен пайғамбардың тәлімінен алған шынайы жұбататын ақиқат бар. Ол өлгеннен кейін адамзаттың ахыретте бүкіл болмысыменен қайта тірілуі. Бұл ақиқат Құранның жүздеген аяттарымен Жаратқанның мыңдаған уағдаларымен тастай бекіген ақиқат. Әсіре ақылға салып "шіріген сүйекті кім тірілтеді деген кісінің сұрағына, оны алғашында кім тірілткен болса сол тірілтеді, – деп айт" деген аяттарымен Құран біздің шектеулі ақылымызға жол көрсетіп тұр емес пе. Біз өзіміздің неден жаратылғанымызға бір көз жүгіртіп көрейікші. Алғашында, адам жиренерлік лас судан, кейін ұйыған қаннан, сонан соң бір шәйнам еттен, яғни, жоқтан жаратылған жоқ едік. Осыған құдыреті жеткен Алланың бар нәрсені қайта құрастыра салуы да сөз  болып па.  Демек өлім-өлім емес, жоқ болу емес, мәңгілікке құрдымға кету емес. Өлім жүзден тоқсан тоғыз сүйіктілерімізге қауышудың басы, жалған өмірден мәңгілік шын өмірге көшу болып табылады. Яғни, өзіңді жаратқан Раббыңа қайту.
Біле білсек, біздер бұл өмірден қайтудан қорқу емес, келесі өмірдегі есепті ойлап қайғыдан қорықсақ керек. Өйткені, ол өмір мәңгі. Ол өмірдің шын екеніне қарсы тұрған ешбір кедергі жоқ. Ал дәлел болса көп. Жаратқанның өзі Құрандағы жүздеген аяттармен  және жүз мыңдаған пайғамбарлар қолдарындағы мұғжизаларымен осы ақиқатты растап жатыр.
Ал, енді осы айтылған уағыз насихатымыздың сауабы қаза болған бауырымызға тиіп, мағынасы жан дүниелеріңізге жұбаныш сыйласын, әмин! – деп сө-зімді аяқтадым да, екінді намазының уақыты кіруіне байланысты мешітке баруға рұқсат сұрадым.
 Дүйсен Сәрінжіпұлы Дайыр,
Қостанай қалалық мешіттің нәйб имамы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓