Қоқысты жинау үшін де ИНВЕСТИЦИЯ КЕРЕК ПЕ?..

Қ. АғуановЖақын арада қалалық зейнет-ақы төлеу орталығының басшысы, үзеңгілес інім Қаратай Нұрмановта аз ғана шаруам болып, бара жатқанымда,  Аманкелді атамыздың алып ескерткішіне көзімнің еріксіз түскені… Жамбасында тапаншасы, жандауында қынабынан суырылмаған қылышы, оң қолында умаждал-ған атышулы "Июнь жарлығы"… Батырдың үстіндегі шекпені көп уақыттан бері боялмапты, саптама етігінің басы ақжемденген екен. Маған, неге екенін біл-меймін, тас мүсіннің қабағы қатыңқы, әлденеге ашуланып тұрғандай болып көрінді… Ал,ол кісінің орнында бұрынғы "күн көсем" – Владимир Ильич болса қайтер еді? – деген сұрақ та ойыма оралғаны… Екі атамыздың да бізге ренжитін де жөні бар ғой… Биіктен бәрін көріп тұр! Сардар дәл осы уақытта тірі болса, қылышын қынабынан суырып алары да хақ… Әттең!
Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында кезінде тоз-тозы шыққан қала бүгінгі таңда жөнделіп,қалыпқа келіп жатқаны қуанарлық жағдай. Әлі күнге дейін есімде, 1997-2000 жылдар аралығында қалалық халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының басшысы болған уақыттағы Ар-қалық қаласының жағдайы: елімізде гиперинфляция, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақылар айлап берілмейтін уақыттар. Әкімшілік пен "собестің" арасын сүрлеу қылған қарттар, аналар мен балалар… Күнде айқай, керіс пен сөгістер, Аллаһ сақтасын, енді ол күндерді басымызға бере көрмесін. Ал,бүгін ше? Зейнет-ақы мен жалақы уақытында төленеді. Еңбек етсең, қарның тоқ. Той көп… Ылайым жылда той көп болсын!
 Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша ақ шаңқан бірнеше үйлер, студенттік жатақханалар салынды, бос қалған үйлер қиратылып, орындары тазаланып, ескі  көпқабатты үйлер мен көшелер жөнделуде. Ұйықтасақ, түсімізге кірмейтін "Арқалық–Шұбаркөл" теміржолы іске қосылды, Аманкелді–Торғай бағытында тас жол салынып жатыр. Үкімет тоңбаңдар деп, сұйық отынға (мазут) қаржыны жылма-жыл бөліп жатыр. Аз да болса қалаға инвестициялар тартылуда, егін уақытында жиналып алынды, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ал, кейбір патриотсымақтардың, сыртта жүрсе де Арқалығымызды сынап-мінеп, орталық басылымдарға мақалалар жариялап, алақандарын ысқылап отырғандарына қайран қалам. "Өзің ішкен құдығыңа түкірме" деген аталар сөзі олардың естерінен шығып та кеткен- ау, шамасы. Шүкір, осыған да тәуба! Батыр Ата, ешкімге ренжитін жөнің де жоқ сияқты. Бірақ…
…Кезінде, қала әкімінің бір орынбасары айтатын: қала ішіндегі ағаштар тезірек көктесе екен деп, неге десеңіз, жасыл желекті астынан ешбір қоқыстың анық көрінбейтінін меңзеген болар. Ал, бүгін оған менің қосарым, тезірек қар да жауса екен, өйткені, ақ қардың астынан ештеңе байқалмасы анық. Әйтеуір, қырық жылдан астам уақыт тұратын өз қаламның тап-таза қалпын көргім келгесін, тапқан амалым ғой. "…Біз бұл жолмен жүрмейміз…" деп жас В.Ульянов (Ленин) айтқандай,менің тапқан жолым дұрыс емес сияқты. Бірақ, байырғы "Жалаңаш король" ертегісіндегідей,етегімізді қалай тартсақ та, ештеңені жасыра алмайтынымыз анық. Қаламыздың қай түкпіріне барсаң да "Қорқыттың көрі" дегендей, күл-қоқыс, қарасаң жүрегің айниды. Жаңасы, ескісі не, бір таза көше жоқ: жазы-қысы лас, шашылған қоқыс, жан-жағы қаулап өскен арам шөп, қоға мен қамыс. Гүлзарлар жоқтың қасы. Жер-гілікті  басылымдар жазып, теледидар анда-санда көрсетіп те жатыр, бірақ Лермонтов айтқандай "Баяғы жартас, бір жартас", ешқандай қимыл жоқ. Баяғы мимырт тіршілік,бізді "қалың ұйқыдан" оятар кім бар екен, Ата?
Дәуір өзгергенімен, өткеннен де сабақ алған дұрыс сияқты, алысқа бармай-ақ, осы қалада тұратын,кешегі күні Өзіңіздің атыңыздағы және Жанкелдин аудандарының комсомол ұйымдарының жетекшілері Жұмағали Өмірбеков пен Орекен Алматов ағаларымыз, кеңшардың жастарын басқарған Қаратай Нұрманов, Арқалық ауданының комсомол комитетінің хатшылары Юлия Устинова мен Құрманғазы Жанділ-диндер және осы ауданның бұрын-ғы партия қызметкерлері Қайырден аға Жиенбаев және басқаларымыз  науқанды шаруаларды атқару үшін "сенбіліктер" ұйым-дастырып, үлкен істерге мұрындық болғанымыз, бүгінгі күні ертегі сияқты. Бұрынғыдай егінге, комбайн жөндеуге, картоп қазуға, "тупиктерден" кірпіш немесе көмір түсіруге, ет комбинатына бар деп, қинап жатқан ешкім жоқ, бірақ, алақандай қаланы тазарту үшін  ең болмаса екі-үш рет жалпы қалалық "сенбіліктер" жасауға болады ғой. Тек, ұйымдастыра біл! Жылына екі рет "Тазалық айлығын" жариялаймыз, нәтиже қандай? "Таза бейсенбіден" ше? Бастамалардың сиыр құйымшақтанып бара жатқан сыңайы бар. Қаланы қоқыстан тазарту үшін инвести-цияның керегі жоқ шығар, бәрі өзімізге байланысты емес пе! Сырт-тан біреу келіп, қаламызды тазартып бермесі анық,өзіміз таза ұстамасақ, бір ғана ЖШС "Тазартудың" қолынан келе бермейтін шаруа. Солай емес пе, Ата? Сонда,осы істерге, кімнің мұрындық болуы керек?
 Биыл, әлдебір шаруалармен ел жаққа (Торғай) барып қайттым, жолай Аманкелді ауданының орталығына соқсам, кәдімгі "қыздың жиған жүгіндей" көшелері тап-таза, Торғайда да сол. Олардың не кереметі бар екенін түсінбедім. Осыдан ғасыр бұрын халық үшін жаныңызды  "шүбірекке түйіп", қылышыңызбен,тәуелсіздігіміздің таңын атқызуға алғаш болып қадам жасаған Сіздің аруағыңызды сыйлағаны және  ол екі ауданның басшылары тазалыққа жаны құмар  екен-ау деген ойға қалдым. Ал,  оларға қарағанда біздің мүм-кіншілігіміз әлдеқайда артық екені даусыз ғой.
 Ел басқарып отырған інілерім, айтылған шындықтан нәтиже шығарып, осы қалада тұратын халықты игі істерге жетелей білсе, бастаған жұмысқа ыждағаттылықпен қараса алынбайтын "асу" жоқ екені рас.
Бағынған елді баға біл:
Баққан елді бұйырма арзан үкімге,
Ас-суын бер, киімін де бүтінде.
Салмағың сал, есепке алып күшінде,
Құдай сенен сұрар солар үшін де, – деп  Юсуф Баласағұни атамыз айтқандай, қала басшылары өзінің оңтайлы істерімен халық қамын ойласа, қаламыздың көркейіп, дамуына және оның тазалығына көңіл аударса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осыған келісесіз бе, Ата!  Иә, айтуға оңай…
Бүгін біз тәуелсіз елміз, Сіздің көксеген арманыңыз орындалды,– төңкерістің заманы өтті, даму заманы келді, Сардар! Қылышыңыз қынабынан шықпай-ақ қойсыншы! Сондықтан,шыдамды болайық, қаламыз тазарар,тек көңілімізді кірбің шалмасын. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген, жемісті және жеңісті күндеріміз көп болсын!
Қонысбай Ағуанов, 
Арқалық қаласының байырғы тұрғыны.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓