Еңбек қатынастары туралы

Құрметті оқырмандар!
Қостанай облысының "Жарық" заңгерлер қауымдастығы Сіздер үшін "Біз кеңес береміз" айдарымен қызмет көрсетеді. Мұнда сіздер өздеріңізді толғандырған сұрақтарға толымды жауап ала аласыздар. Бүгінгі заң кеңесі жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары мәселелеріне арналады.
Сұрақ: Егер штаттық кестеде 70 000 теңге көрсетілсе, жұмыс беруші басқа лауазымдық жалақы(азырақ)  белгілей ала ма? Штаттық кестені жасауды реттейтін нормативтік құжат бар ма?
Жауап: Штаттық кестені жасау – жұмыс берушінің құқығы. Сонымен қатар жұмыс берушінің ұйымда өндірістің өзгеруіне байланысты, соның ішінде қайта ұйымдастырылған жағдайда және (немесе)  жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты қызметкердің еңбек жағдайын өзгертуге, соның ішінде жұмысты жалғастырған жағдайда,  еңбекақы мөлшерін өзгертуіне жол беріледі.
Сұрақ: Еңбекақының өсуіне байланысты штаттық кестені ай сайын өзгертуге бола ма әлде ол үшін тиісінше бұйрық шығару керек пе? Қандай заңдық негізде біздің осылай істеуге құқығымыз бар?
Жауап: Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 126 бабына сәйкес қызметкерлер еңбегіне ақы төлеу және ынталандыру жүйесі ұжымдық шарттың, еңбек шартының және (немесе) жұмыс берушінің актілерімен айқындалады.
Сұрақ: Қызметкер небәрі 5 ай ғана жұмыс істесе, оған еңбек демалысын беруге бола ма? Мұндай демалысты қалай ресімдеу және қалай есептеу керек?
Жауап: Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 126 бабына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы қызметкерге жұмыстың алғашқы және соңғы жылдары тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
Сұрақ: Шетелдік азамат қоса атқарылатын жұмысты істей ала ма?
Жауап: Қоса атқарылатын жұмыс жаңа жеке еңбек шартын жасасуды керек етеді, сол себепті жұмыс беруші шетелдік азаматты қоса атқарылатын жұмысқа тартуға рұқсат алуы қажет.
Сұрақ: Жеке еңбек шартын жасасқан шетелдік азаматқа рұқсат бойынша Қазақстан Республикасында болу уақытын есептеу қай сәттен басталады?
Жауап: Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін пайдалану туралы заңнамаға сәйкес республика аумағында шетелдік азаматпен жеке еңбек шартын жасасқан жұмыс беруші ол келгенге дейін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алуы тиіс.
Заңгерге сұрақтарыңыз болса, мына телефонға  хабарласуыңызға болады: 54-95-86, 8-705-902-63-42.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓