Патриоттық бағыттағы әндер

Қаламызда облыстық патриоттық әндер фестивалі өтті.
Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында мәдени шараның алар орны ерекше. Патриоттық  әндер  фестивалі  осымен  екінші рет өтіп отыр. Кешке қатысқандар Отанға, туған жерге деген сезімдерін әнмен жеткізді.
 
Акция жалғасуда
Облыста қаруды өз еркімен тапсыру акциясына 70 адам қатысып, 84 қару  және 300 патрон тапсырды.
Республика бойынша  тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақты, жарылғыш заттарды және оқ-дәріні сатып алу жөнінен акция 21 сәуірден қайта басталды. Әрбір тапсырылған қару үшін ақшалай сыйақы қарастырылған.
 
Жеңімпаздар слетке жолдама алды
Облыстың қалалары мен аудандарынан келген жас жол инспекторлары республикалық слетке қатысу құқығы үшін сайысты.
19-шы облыстық слет балалар мен жасөспірімдер арасында жол жүрісі ережелерін насихаттау, жолдарда балалар жарақаттануының алдын алу мақсатында өткізілді. Жол полициясы қызметкерлері, автомектептер оқытушылары және білім басқармасы өкілдерінен құралған қазылар алқасы  Рудный қаласының отрядын облыстағы "Үздік отряд" деп таныды. Жеңімпаздар слетке жолдама алды.
 
Асыл тұқымды бұқалар сатылды
Жітіқара ауданындағы "Приречное-Агро" ЖШС асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырының аукционын өткізді.
Бәссаудаға түскен  отызға жуық  асыл тұқымды бұқа лезде сатылып кетті. Бас-аяғы бір сағаттың ішінде 12 миллион теңгеге сауда жасалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоғары өнімді қазақы бұқаларды  алуға еліміздің бірқатар аймақтарынан мал мамандары келіпті.
 
Жаңа қаулы
"Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы" ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы № 248 қаулысына өзгеріс енгізілді. Үкімет қаулысы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында жарияланды. 
"Көрсетілген қаулымен бекітілген оралмандарды қоныстандыруға арналған өңірлер осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын" делінген ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтың қолы қойылған қаулыда. Яғни, қаулы қосымшасында оралмандардың қоныстануы үшін еліміздің 14 облысы түгелдей қамтылған.
 
Енді айды жақыннан көре аламыз
Түнгі уақытта аспан әлеміне саяхат жасауға болатын болды.
Азамат есімді жас жігіт қалалықтарға жаңа мүмкіндік беріп отыр. Ол қала орталығына телескоп қойып, аспан денелерін тамашалаймын дегендерге жол ашты. Ақысын төлегендер телескоп арқылы айды, өзге де аспан денелерін көре алады. Қызықты кәсіпті нәсіп еткен жас жігіттің өзі астроном екен.
 
"Чечил" ірімшігі саудадан алынды
Қазақстанда Адыгей республикасының өндіріс орнынан шығатын кептірілген "Чечил" ірімшігін саудалауға шектеу қойылады, – деп хабарлайды ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің баспасөз қызметі.
"ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі көтерме және бөлшек сауда жасау нысандарында "Чечил" кептірілген ірімшігін саудалауға шектеу қойып отыр. Өйткені, ол Кедендік одақтың белгіленген техникалық регламентінің талаптарына сәйкес емес", – делінген хабарламада. Мониторинг жүргізу кезінде еліміздің көптеген базарларында "Чечил" кептірілген ірімшігінің сатылып жатқаны анықталды. Алайда, тауардың шығарылған жері белгісіз.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓