Озаттар марапатталған күн

Еңбек – ердің көркі,  – дейді механизатор
IMG_3529Қанатбек Есмағамбетов
– Мен осы ауылда туып-өстім. Ал, аталған серіктестікте механизатор болып еңбек етіп келе жатқаныма 23 жылдың жүзі болды. Зейнолла Абайұлы жыл сайын ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнінде бір топ жұмысшыларды марапаттауды ұмытқан емес. Жыл да ақшалай сыйлық алатынмын. Міне, бүгін еңбегім тағы да еленіп, темір тұлпар мініп жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл тек менің жеңісім ғана емес, ұжымның жеңісі деп білемін. Мереке құтты болсын!
Мәскелеу ауылының тұрғындары жақсы дәстүрге айналған, тамаша мереке – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесін атап өтті. Салтанатты жиында еңбектің ерен үлгісін көрсеткендер ерекше ілтипатқа бөленді.
Күздің келуі – ол қысқа қамдану ғана емес, ала жаздай еңбектенген, күтіп баптаған өнімнің жиын-терімі мен төккен маңдай тердің жемісін көретін кез. Мәскелеуліктер де биылғы қолайсыз ауа-райына қарамастан еккен егінді ысырапсыз жинап, күзгі орақты сәтті аяқтады. Сондықтан да болар, ауылдағы "Бұлақ" мәдениет үйінде өткен IMG_3324салтанатты жиынға мәскелеуліктер тайлы-тұяғы қалмай ағылды. Бәрінің де жүздері жадыраңқы, көңілдері көтеріңкі…
Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан "Мәскелеу" ЖШС директорының орынбасары Базарбай Жанбыршынов ауыр да, мехнаты көп еңбекті арқалап жүрген ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне өз алығысын жаудырды.
– Құрметті мәскелеуліктер, ауыл еңбеккерлері! Сіздердің ауыл экономикасын еңселендірудегі табысты  еңбектеріңізге айтар алғысымыз шексіз. Биылғы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан біз егін орағын сәтті аяқтадық. Баршаңызды ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, мол табыс тілеймін, – дейді Б. Жаңбыршынов.
Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар барысына тоқталған Базарбай Зейноллаұлының айтуынша, мәскелеуліктер жылдағыдай мол өнімге қол жеткізбесе де, биыл қамбаға 2730 тонна астық құйылды. "Қамданған қапы қалмайды" демекші, қысқы жем-шөпті де уақытылы дайындап, бүгінде 3 мың тонна шөп, 1056 тонна сүрлем, 1360 тонна сабан, 896 тонна пішен теңделген.  Әрине, бұл мал шаруашылығын өркендетіп отырған білдей бір шаруашылыққа жете қоймасы анық. Дегенмен, серіктестік басшылары қолдағы қордың арқасында қыстан қысылмай шығамыз деп отыр. Жалпы, биылғы қиыншылықтарға қарамастан серіктестік диқаншылық пен мал шаруашылығы саласы бойынша қосымша 100 млн. теңгеге жуық табыс тапқан. Әрине, қандай жетістік болмасын IMG_3565оған қарапайым еңбек адамдары мен ЖШС басшыларының жоғары жауапкершілігінің арқасында қол жеткізілгендігін айта кеткен жөн.
Салтанатты жиында сөз алған ауыл әкімі Әнуар Есқатов та Мәскелеу тұрғындарын, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, бүтіндей бір ауылды жұмыспен қамтып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасап отырған "Мәскелеу" ЖШС басшыларына өз ризашылығын білдірді. Шынында да, ауылдың еңсесінің көтеріліп, ісінің алға басуына серіктестіктің бүгінде тигізіп отыр-ған көмегі орасан зор екен.  Биыл-дың өзінде серіктестік жалпы сомасы 7,5 млн. теңгеден астам қаражатқа демеушілік және материалдық көмек көрсеткен көрінеді. 
Сонымен, жұрт асыға күткен марапаттау сәті де келіп, серіктестіктің ыстығы мен суығына төзіп, ақ адал еңбектерімен тер төгіп жүрген бір топ қарапайым еңбек адамдары қошеметке бөленді. Олардың арасында механизатор да, жүргізуші де, күзетші мен жұмысшы да, аспазшы мен дәнекерлеуші, диірменші де бар. Сондай-ақ, мал санын және өнімділікті арттыруда көшелі көрсеткіштерді бағындырған малшы, табыншы, сауыншы, жем-шөп беруші сияқты мал шаруашылығының майталмандары да алғысқа бөленді. Бәрі де мақтау грамотасымен, ақшалай сыйлықтармен, теледидар, кір жуғыш машина, тоқара, ет тарт-қыш, тоқсамаурын, шаңсорғыш, мультиварка сияқты толып жат-қан тұрмыстық техникалармен марапатталды.
IMG_3408Ал, марапат соңында серіктестік басшысы, елге сыйлы азамат, біздің газеттің жанашыры Зейнолла Жаңбыршынов биыл-ғы астық жинау науқанында жақсы нәтиже көрсеткен ең үздік үш механизаторға автокөліктің кілтін табыс етті. Мәскелеуліктерді, үздік еңбеккерлерді мерекемен құттықтаған Зейнолла Абайұлы серіктестіктің толағай табыстарға жетуі ең алдымен осы жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасы екендігін ерекше атап өтті.
– Қалыптасқан дәстүр бойынша жылда қарашаның үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бірақ, биылғы ауа-райының қолайсыздығына байланысты бүгінде әлі де егін орып жатқан шаруашылықтар бар. Біз де биылғы қиындықтарға қарамастан егін орағын ойдағыдай аяқтадық. Бәрі бір Алланың қолында, табиғаттың тосын мінезіне ренжуге де болмайды, сондықтан барға қанағат етеміз. Қанша жерден жағдай қиын болса да желдің өтінде, күннің астында, жердің төсінде жүріп тынымсыз еңбек еткен еңбеккерлеріміздің ерен еңбегін ұмытуға болмайды. Сондықтан, бүгінгі мерекеде шама-шарқымызша шаруашылықтың алға басуына өзіндік үлес қосып жүрген бір топ азаматтарды IMG_3447құттықтап жатырмыз. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, татулық пен береке-бірлік тілеймін, – деді Зейнолла Жаңбыршынов.
Әр марапат сайын ауыл өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаның да мерекенің көркін одан сайын қыздыра түскендігін айта кеткеніміз жөн. Зейнолла Абайұлы жиын соңында ауыл өнерпаздарын да назардан тыс қалдырмай, бәрін де ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Осылайша, Мәскелеудегі көтеріңкі көңіл-күймен өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі  марапат иелеріне арнап жайылған кең дастархан басында жалғасын тапты.
Қарлығаш
     ОСПАНОВА
Мәскелеу ауылы.
Әулиекөл ауданы.
СУРЕТТЕРДЕ:  ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекеден көрі-ністер.
Суреттерді түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓