Қайран Өрнек, қайран ауыл

Кезекті іссапарға шықтық. Бұл жолғы бағытымыз – қазақ журналистикасының негізін қалаушы Мұхамеджан Сералин туған Өрнек ауылы. Қаладан шыққаннан Қарабалыққа жетер-жетпес Өрнекке қарай бұрыламыз. Ауылға ауданнан 75, ал негізгі жолдан 32 шақырымдай жерде жатыр. Ауылға бұрылар жерде тақтайша ілінген. Онда Мұхамеджан Сералиннің жерленген жері өңірлік маңызы бар нысан, ол киелі жерлер тізіміне енгені туралы жазылыпты. Біздің мақсатымыз да осы еді. Қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаштарының бірі, ел ардақтысы атанған, «Айқапты» ашқан Мұхамеджан Сералин туған ауылға, жерленген жеріне барып, қол жайып қайту.
«Добро пожаловать в Россию»
Ауылға апарар жол мәз емес. Көтерме жол үстіне қиыршық тас төселген. Салдыр-гүлдір жолмен жүріп, шашылып қала жаздадық. Қолді бір сілтеп,  шалғындық жолға түстік. Шаңды бұрқыратып ауылға тез-ақ жеттік. Осы өңірге бұрылғаннан ұялы байланысымыз өшті. «Добро пожаловать в Россию» деген жазба шықты. Ресей жеріне енгендей күй кештік.
 Ауыл алақандағыдай. Қираған, бос қалған үйлер. Бұл мекеннен сән кеткелі қашааан. Екі қабатты ауыл мектебі де қаңырап тұр. Ауылда шамаман 15 үй ғана түтін түтетіп отыр. Басты күнкөріс мал бағып, соның өнімін сату.
Жалпы Қарабалық ауданында таза қазақы деген үш-ақ ауыл бар. Өкініштісі соның үшеуі де құрдымға кеткен. Кезінде тіршілігі қайнап, дүркіреген ауылдардан ізі де қалмаған. Мағынай да, Тастыөзек те жабылды. Ендігі ілдәлдалап отырғаны Өрнек.
Айтқанымыздай мұнда тек ресейлік ұялы байланыс қана. Жолдың жоқтығы ауылдықтарға қиындық тудырмайды. Жайқалған ауылдан сән кеткелі жаппай көшкендер келместей кетті. Енді оралмасы белгілі. Қалған он бес үй туған жерден кетіп қайда барамыз деп амалсыз отыр.
Алдымен білім ошағына соқтық. Шеткі бір бөлмесін дауыс беру учаскесі етіп жабдықтапты. Ол жерді күзетіп, еденін жуып жүрген апайымыз ауылда қалған адамдар тек малмен ғана күнкөріп отырғанын айтты. Бірнеше жеке шаруашылықтар да бар екен. Бізді солардың біріне сілтеді.
Өрнегі кеткен Өрнек
-Туғаннан осы ауылда тұрамыз. Бұрын жүзден артық үй болып еді. Қазір дым қалмады. Мектеп жабылғаннан бастап көше бастады. Менің балаларым да Қарабалықта оқиды. Тек малмен отырмыз. Жайылым жетерлік. Бірақ егін салуға өзіміз жер ала алмай отырмыз. Өзім 2012 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ірі қара алғанмын. Сонымен мал басын көбейтіп келемін. Жұмыс жоқ. Бұрын ауылда малшы болғанмын. Бау-бақша егіп, май, құрт сатып күнкөреміз. Әзірге көшу деген ойымда да жоқ. Көшкенде қайда барамыз. Жол нашар болғанымен қыста аршып тұрады. Суды құдықтан аламыз. Жағдайымыз жаман емес. Ауылда үш шаруа қожалығы бар. Мал басын көбейтіп отыр. Қалғандары да сол малдың арқасында күнін көруде. Жақында бір отбасы мал ұстаймыз, көбейтеміз деп Рудныйдан көшіп келді. Әке-шешем, аталарым да осында тұрған, – дейді Талғат Мұратұлы.
Келіншегі Бақыт апай Мағынай жақтың қызы.
– Бұрын балабақшада тәрбиеші болдым. Кейін қысқарту болды да, үйде отырып қалдық. Жасымыз елуден асқанда ауылдан кетіп қайда барамыз деп ойлаймыз. Кеткіміз келсе де барар жер жоқ-ау. Балаларды жетілдіру керек. Мал бағып, соның өнімін сатамыз. Бұрындары ауылдықтар сүт тапсырып, ақшасын алатын. Қазір ол да жоқ. Май сатамыз, құс ұстаймыз. Өзіміздің тұрақты сатып алушыларымыз бар. Қазір интернет бар. Тек ол ресейлік. Пандемия кезінде интернет тартуға әкімдік жарты ақшасын төлеп көмек берді. Солай күн көріп жатырмыз. Бұрын мұндағы халықтың жағдайы өте жақсы еді. Бордақылау алаңы болды. Кейін мектеп жабылған соң бәрі бітті. Бала оқытатын жер керек. Жұмыс жоқ. Ештеңе қалмады. Ауыра қалсақ аудан орталығына барамыз. Ауданға дейін 75 шақырым. Жолдың сиқын көрдіңіздер. Ауылда үлкен кісілер де жоқ. Бір малға қарап отырған біз қатарлы кісілер. Егін салатын жер алсақ қой. Тендерге екінші жыл қатыссақ та жер ала алмай отырмыз. Егінді жердің бәрін сырттан келген шаруашылықтар алған. Жылдан жылға жайылым да тарылып жатыр, – дейді Бақыт апай.
Өрнек ауылы Ресей шекарасында орналасқан. Бұл жаққа баратын адам алдымен күн райын аңдап алады. Себебі жаңбырлы күні жол ми батпақ болып, межелі мекенге жету мұңға айналады. Одан қалды елді мекен байланыс аясынан тыс болғандықтан бірдеңе бола қалса далада қаласыз.
Өрнек ауылының тұрғынының бірі Төлен Рамазанұлы. Ол кісіні біраз адам таниды десек те болады. Ауылдағы мектептің жабылмауы үшін талай жерге барып, талай есікті қағып, табалдырық тоздырған еді. Сол еңбегінің бәрі бекерге кеткендей. Бәрібір мектеп жабылды, ауыл тозды.
–Осы ауылға көшіп келгеніме алты жыл болып қалды. Бұрын Затаболда тұрғанмын. Өрнек менің ата-бабамның туған жері. Әкем осы жерде оқып, білім алып, еңбек етіп, Мағынай ауылында мектеп директоры болған. Сол кездері Мұхамеджан Сералин туралы көп айтыла бермейтін. Қазір Ресейдің Челябі облысының Варна, Қарталы жақтарында Мұхамеджановтар шығып жатыр деп естіп жатырмыз. Олар Сералиннің немерелері, ұрпағы. Сералин емес, Мұхамеджанов деп жазылған. Ал ауылда туыстары қалмады. Мен мұнда келгенде ауыл осындай халде еді. 2009 жылы тоғыз жылдық мектеп жабылды. 2011 жылы айғай-шумен қайта аштырттық. Бірақ билік ауылға бейқам, селқос қарайды. Тіпті мен кейде ауылдың жабылғаны билікке тиімді ме деп ойлаймын. Ауыл жабылса жер босайды ғой. Бұрын ауыл үшін шырылдайтын едім. Қазір тіптен көңілім қалды. Мен мамандығым бойынша мұғаліммін. Қазір ауылда мал бағып, күн кешіп отырмын. Аудан бойынша үш қазақы ауыл бар еді. Бәрі бітті. Қалғаны осы Өрнек. Орыстанған ауданның ауылдары осылай бітіп жатыр. Жанашыр жан қалмады. Өзекті өртейді. Егер жер, техника беріп, көпбалалы отбасыларды көшіріп әкелсе ауылдар жанданар еді деп ойлаймын. Киелі жер деп жазып қойған әйтеуір. Сералиннің қорымы былтыр жаңартылды. Бабамыздың басына келушілер баршылық, – дейді Төлен Рамазанұлы.
 
Қазақстандық интернет болса
Өрнек ауылдық округінде шекара түбінде орналасқан төрт ауыл бар. Бәрі байланыссыз күн кешіп отыр. Тұрғындар амалсыздан ресейлік байланысты қолданып, қымбат роуминг қызметіне жүгінуге мәжбүр. Телефонға ақша салып немесе картадағы жалақыны алу үшін 80 шақырым қашықтағы аудан орталығына қатынауға тура келеді. Интернет үшін мұнара қойса қаншама операторлар бар. Отандық операторларды тарту мәселесі қаражатқа келіп тіреледі.
Ауылдықтармен сөйлескен соң бабамыздың басына жүріп кеттік. «Мына тұрған жер» деген соң қасымызға жолсерік алмастан өзіміз тарттық. Жол сілтейтін тақтайша бар екен. Көрсетілген нұсқаулықпен жол жүріп келеміз. Жағалай шоқ-шоқ болып біткен қалың қайың. Табиғаты тамаша, көзтартарлық. Шөп шүйгін. Шалғындық жолмен ызғытып келеміз. Біз іздеген қорым көрінер емес. Адастық. Телефон шалуға байланыс жоқ. Осылай жүре берсек шекарадан асуымыз мүмкін. Уайымымыз жаңбыр жаумаса екен. Жаңбыр жауса батпаққа батарымыз белгілі. Айналаны әрі-бері шалып,  ауылға қайта келдік. Қасымызға ауыл тұрғыны Серікбай Сұлтанғалиұлын ертіп алып, қайта жолға шықтық. Сұлтанғали аға әңгімешіл екен. Осы ауылда туып, өскен. Туған жерімді тастап ешқайда кетпеймін деп отыр.
-Ауылдың Өрнек деп аталуының себебі естуімше ауылда өрнектеліп кілем тоқылған дейді. Енді біреулер табиғаты көркем, әдемі болған соң атаған дейді. Ауылдың табиғаты шынымен тамаша ғой. Әттең, осындай жерлер бос қалып жатыр. Қазір зиратқа келеміз. Ол тура шекарада жатыр. Ар жағы Ресей жері, – дейді ағамыз салдырлап.
Шынымен де зират басына тез жеттік. Манағы уақытымыз жер білмеген соң осы маңайда айналып, адасумен босқа өткен екен. Білікті журналист, қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералиннің мәңгі тыныстаған жері үлкен ескі қорым екен. Былтыр аудан басшылары қаражат бөліп, жерленген жерін жан-жағын қоршап жөнге келтірген. Өз заманында елі үшін жанын пида еткен арысымыздың басына осылайша жеттік. Қол жайып, құран бағыштадық.
Елінің біртуар ұлы Мұхамеджан Сералиннің туған жері осылай ақырын ұмыт болып барады. Ауылды дәл мұндай күйінде көреміз деп ойламадық. Мына отырған оншақты үй қашанғы отырсын. Олар кетсе, ұлт қайраткері туып-өскен ауыл картадан жойылып, құритыны сөзсіз. «Қайран Өрнек, қайран ауыл» дегеннен басқа амал жоқ.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓