Грант игілігі
Ұзынкөл аудандық әкімшілігінде Жапон елшілігінің бірінші хатшысы Аракава Масаери мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары К.Шұғаевтың қатысумен "Корни травы" гранттық келісім-шартының жабылуына арналған рәсім болып өтті.
Құттықтау рәсімін ашқан аудан әкімі Абай Ибраев өз сөзінде, елімізде, сонымен бірге облысымызда халықтың денсау-лығын, медициналық көмек алудың сапасын жақсарту мақсатында көптеген игі жұмыстардың атқарылып жатқандығын айтып өтті.
– Сонымен бірге Елбасының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы және де үстіміздегі жыл-ғы 11 қарашадағы жаңа Жолдау-да да денсаулық саласын әрі қа-рай дамыту бағдарламасы өз жалғасын таппақ екендігі де айтылды. Сондықтан да ауданымызда бұл бағытта атқарылған жұмыстар айтарлықтай. Мәселен, Пресногорьков селосында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталса, өткен жылы Трое-брат селосында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдаланылуға берілді. Әрине, осының өзі-ақ елді мекендердегі әр тұрғынның денсаулығына оң әсерін берері сөзсіз. Дегенмен, үстіміздегі жыл-ғы ең маңызды оқиғаның бірі сол, аудандық орталық аурухананың үш жүз терезе мен жиырма есіктің жөндеу жұмыстарына құны жүз мың доллар тұратын грантты ұтып алғаны. Нәтижесінде аудандық орталық аурухананың ғимаратындағы үш жүз үш терезе ауыстырылды. Ол да үлкен жұмыс. Ең алдымен осы арада аурухананың бас дәрігері өзінің белсенділігі мен іскерлігін танытты , – деді өз сөзінде аудан әкімі.
Содан кейін аудан басшысы Абай Ибраев Жапон елшілігіне рахметін айта отырып, қонақтар-ға естелік сый-кәделерін сыйға тартып, иықтарына ұлттық шапан жапты. Өз кезегінде Жапон елшілігінің бірінші хатшысы Аракава Масаери аудан әкіміне, грантты ұтып алушыларға сапалы орындалған жұмыс нәтижесіне ризашылығын білдіре отырып, рахметін айтты.
– Грант бізге не берді дейсіз бе? Біріншіден, ауруханамызда жылу тәртібі сақталды. Екіншіден, ауруларымыз мен дәрігерлері-міздің жайлылығын жақсартты, үшіншіден, үнем. Биылғы жылы көмірді 200 тоннаға үнемдедік. Ал, келесі жылы үнеміміз арта түседі деп ойлаймыз. Жапон үкіметіне, елшілікке рахметімізді айтқымыз келеді, – деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Қамза Ержанов.
Гүлназым
САҒИТОВА
Ұзынкөл ауданы.
Суретте: рәсімнен көрініс.