Қылмысқа қайта ұрынады. Неге?..
Тәртіп сақшылары темір тордан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан тұлғаларды бақылауға алу кезінде сал-ғырттыққа жол берген. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен алқа мәжілісінде айтылды. Сондай-ақ, прокурорлар, әсіресе, тәртібіне байланысты абақтыдан мерзімінен бұрын босап шыққандар арасында қайтадан қылмыс жасайтындар да кездесетінін айтады.
Облыс прокуратурасының 7-басқарма бастығы Е.Рахаделовтың айтуынша, жыл басынан бері облыстағы түзету мекемелерінен 258 жазасын өтеуші мерзімінен бұрын босап шыққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 46% жоғары. Сондай-ақ, облыстың ішкі істер органдарының есебінде барлығы 583 шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан адам тұр. Құзырлы орган ішкі істер органдарының жұмысына жүргізілген тексеру кезінде бірқатар кемшіліктерді анықтады. Мәселен, мерзімінен бұрын босап шыққан тұлғаларды бақылау және есепке алу қағаз жүзінде жүргізілген. Учаскелік инспекторлар олардың тұрақты мекенжайы бойынша іздеу салмапты. Тіпті, қоғамдық тәртіпті жиі бұзатын тұлғаларға тиісті шаралар қолданбаған.
Үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыс бойынша мерзімінен бұрын босап шыққандар арасында қылмыс көбейіп отыр. Мәселен, өткен жылдың дәл осы мерзімін-де бұрын сотталғандар арасында 24 қылмыс жасалған болса, биыл 33 факті тіркелген.
– Темір тордан мерзімінен бұрын босап шыққан Жұмағұлов денсаулыққа зиян келтіргені үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған бұзақылық фактісі бойынша екі рет шағым түсті. Оның құқық бұзуға бейім болғанына қарамастан, ішкі істер органдарының қызметкерлері тиісті алдын алу шараларын жүргізбеген. Ағымдағы жылдың 3-қыркүйегінде Жұмағұлов Трихоменконы ұрған. Жәбірленуші ауыр соққыдан қайтыс болды, – деді Е.Рахаделов.
Аталған кемшіліктерге қатысты облыстық ІІД бастығының орынбасары А.Тарасенко жауап берді:
– Жаза түрінің өзгеруіне байланысты 36 іс қысқартылды, дегенмен сотқа жолданған осы істердің ішінде төртеуіне қайта қылмыстық іс қозғады.
Облыс прокуроры М.Қайбжанов: "Мұның барлығы облыстық ІІД темір тордан мерзімінен бұрын босап шыққандар арасында бақылау жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізілмегендіктінен. Аталған заң бұзушылықтар жыл сайын қайталанады. Бұл салада алға басушылық жоқ. Мерзімінен бұрын босағандар мәселесіне аса сақтықпен қарау қажет. Егер ішкі істер органдары қызметкерлері жұмыс жасайтын болса, жоғарыда келтірілген қылмыстар болмас еді".
Облыс прокуратурасы жүргізген тексеру қорытындысы бойынша учаскелік инспекторлардың түрмеден шартты мерзімінен бұрын босап шыққандарға профилактикалык бақылау жасамайтыны және олар жеке жұмыстарға тартылмайтыны анықталды. Осыған орай облыс прокуроры М.Қайбжанов облыстык ІІД-нің бастығына заңдылықтың бұзылуын жою және учаскелік инспекторларды жауапкершілікке тарту мәселесін шешуді тапсырды.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ