Үкімет басшысының орынбасары Қостанай облысында

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар облыстық ауруханадан басталды. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың барысын бағамдап, ұсыныстарды тыңдады.   
       – Облыстық заманауи көпсалалы аурухана салуды жоспарлап отырмыз. Арнайы жер қарастырылып, дайындық жұмыстары басталып кетті. Жаңа перинаталдық орталық бой көтереді. Мүмкін, оны саларда жаңа көпсалалы ауруханамен  біріктірген дұрыс болатын шығар, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.  
Алтай Көлгінов бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігімен ақылдаса отырып шешуді ұсынды.
– Өңірлерде 12 жаңа перинаталдық орталық салу жоспарда тұр. Орталықтың қай жерде бой көтеретінін жергілікті билік белгілесін. Қосымша ұсыныстарыңызды Денсаулық сақтау министрлігімен отырып шешейік. Біз тиісті қаражатты бөлеміз, ол жағынан қам жемеңіздер, – деді Алтай Көлгінов.
Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов "Береке" шағын ауданындағы 980 орынға арналған 3 қабатты мектептің құрылысымен танысты.
– Мектеп құрылысы 2021 жылы басталды. Толық 2023 жылдың мамыр айында аяқталады. Нысан құрылысын аяқтау үшін білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 1,3 млрд теңге қаржы бөлінеді, – деп атап өтті  облыстық құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.
– Құрылысты тоқтатпай, уақытылы аяқтаңыздар. Қосымша қаржы беруден бастартпаймыз. Жаңа аудан болғандықтан қоныстанушылар бар, балаларын мектепке беретіні анық, – деді Алтай Көлгінов.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа ауданнан балабақша салынатынынан хабардар етті.
               Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓