Алғыс арқалаған азаматтар ҚХА марапатына ие болды

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен "Алғысымыз шексіз" мерекелік форумы өтті. Форумда ерлік істерімен танылған еріктілер, қайырымдылық жасаушы меценаттар және игі істің қасынан табыла білген қарапайым тұрғындар марапатталды. Алғыс айту күні 2015 жылы күнтізбеге енгізілді. Сол уақыттан бастап еліміздегі этнос өкілдері қазақ халқының дархан көңілі мен кең пейіліне алғыс айта бастады. Мереке елдің бірлігін нығайта түсті. Жыл өткен сайын оның мән-мағынасы кеңюде. Биыл қарапайым еңбек адамдарының ерлікке пара-пар өнегелі істері дәріптелуде. Осы мақсатта облыстық ҚХА мүшелері Қостанай жылу энергетикалық компаниясында, қалалық №4 емханада, "Большевичка" тігін фабрикасынада, "Таза жол" коммуналдық серіктестігінде, Қостанай өңірлік оңалту орталығында және Назарбаев зияткерлік мектебінде көшпелі кездесулер ұйымдастырып, ұжымының сіңірген еңбегіне алғыс айтты. Осы аталған жұмыстың қорытындысы ретінде форум өткізіп отыр.
– Кейде бір-бірімізге "рахмет" айтуды ұмытып кетеміз. Алғыс айту мейрамы айналамыздағы жақсы адамдарды, қайырымды жандарды еске салады. Мен әр атқан таңыма, ұжымдағы әріптестеріме, жан-жағымдағы адамдарға ризашылығымды білдіремін. Жақындарыңызға жылы сөз айтуды естен шығармаңыздар. Жақсы сөз адамдардың арасын жақындастырады, – деді көп балалы ана, облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Айтжан Кішкентаева. 
Форум барысында достық пен этносаралық бірлікті нығайтудың жарқын үлгісін көрсете білген бірқатар азаматтар Қазаақстан халқы Ассамблеясының арнайы алғыс хатымен және "Алғыс" төс белгісімен марапатталды. Марапат иелерінің бірі облыстағы корей этномәдени орталығының төрайымы Ульяна Ким. 

–  Мен үшін бұл жоғары мәртебелі марапат. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қосқан азғантай болса да үлесімді елеп-ескергеніне ризамын. Бұл мерекеде бұрын өзге этнос өкілдері қазақ халқына рахмет айтатын. Қазір ауқымы кеңейді. Ол өте құптарлық іс. Қайырымды, өнегелі жандар тасада қалмай, есімдері көпшілікке танылуы керек. Олардың жақсы істеріне бәріміз алғыс айтқанымыз жарасымды, – деді Ульяна Ким.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓