Шекара сенімді күзетілуде
ҚР "Мемлекеттік шекара туралы" Заңына сәйкес ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Қостанай облысындағы шекарашылары ел шетінің бұзылуына жол бермеуге барлық күш-жігерін жұмсайды. Олардың қырағылығы жоғары деңгейде.
27 ақпанда «Жітіқара» шекара бөлімінің учаскесінде тексеру үшін тоқтатылған көлік жүргізушісі "Бақылау бекеті" шекара нарядының талаптарын орындамаған. Ресей азаматы әкімшілік қамауға алынып, ҚР-дан шығару түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін «Қарабалық» шекара бөлімінің учаскесінде ұсталған Өзбекстанның 5 азаматы халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл арқалаған болатын. Бұл тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен Ресей Федерациясына жұмыс істеп тұрған өткізу пункттерін айналып өтіп, мемлекеттік шекараны бұзуды жоспарлаған. Аталған арнаны Өзбекстан, Қазақстан және Ресей азаматтары ұйымдастырды.
"Шекара шебінде қауіпсіздікті сенімді қамтамасыз ету шеңберінде ведомство құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, тиісті жұмыс ұйымдастыруда. Бұл ретте Қазақстанның барлық азаматтары Мемлекеттік шекараны қорғауға жан-жақты жәрдем көрсетуі тиіс екенін еске салғымыз келеді", – дейді ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша департаменті мамандары.