Күйсандықта ойнауды үйренгіңіз келсе…
Өңірімізде күйсандық аспабында ойнауға мүмкіндік беретін студия ашылды. Студия өз жұмысын 11 ақпанда бастады. Студия басшысы Камила Нұрғалиеваны сөзге тарттық.
« Жас буын мен ересектер үшін арнайы студия ашу жоспарда бұрыннан болатын, өйткені мен жан-жақты дамып, әрекет қылудан жалықпайтын адаммын. Қай сала, қай бағыт болмасын, өзімді әрқилы дамытып, жаңғыртудан тайынбайтынмын. Күйсанық аспабында ойнау кезінде адам мидың екі жарты шарын да пайдаланады, өйткені ол бір уақытта екі қолмен ойнайды. Мидың толық іс-әрекетінің нәтижесінде адам жоғары деңгей көрсете алады. Сондай-ақ, әуеннің өзі адамның энергиясына жақсы әсер етеді, денсаулығы жақсарады, тербеліс күшейеді», – деді Камила.
Күйсандық аспабында ойнау оңай емес. Бұл көптеген дағдыны қалыптастыруды талап етеді. Күйсандықта ойнау арқылы балалардың шыдамдылығы, ойлау қабілеті, және басқа да жұмыстарға үлгерімі дамиды. Бұл аспап бізге дәл осы күнгідегідей үлгіде келе қойған жоқ. Оның қалыптасу, пішімінің өзгеріп отыруы ақырында бізге нағыз ұлы аспапты алып келді.
«Студия орталығындағы ұстаздарымыз – кәсіби музыканттар, консерватория түлектері. Олардың көпшілігі өздерінің музыкалық топтарында ойнайды, өз шығармаларын жасайды. Тәлімгерлердің барлығы жас, белсенді әрі талантты. Жас қауым орталығымызға көптеп келіп жатыр. Сенбі күндері біз танысу, пікір алмасу үшін жиындар өткіземіз. Студияда шәкірттеріміз пікір алмаса отырып сабақ алады, бұл жалғыз оқудан немесе тек тәлімгерден дәріс алудан гөрі өте тиімді. Біздің студиямызға жазылатын адамдарды алдымен 1 сағаттық тегін сабаққа тіркейміз. Бұл сабақта ол өзінің алғашқы әдемі композициясын екі қолмен бір уақытта ойнайды. Кейін біз оған қолайлы жаттығу кестесін жоспарлаймыз. Біздің студия күйсандық аспабында ойнауға барлық қауымды шақырады. Адам шын қаласа, қолынан бәрі келеді!» – дейді Камила Нұрғалиева.
Ділназ Ізтелеуова
3-курс студенті