Оқушылар театры шымылдық түрді

Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернат қабырғасында «Дарын» оқушылар театры ашылды.
Мектеп басшылығының айтуынша, мектепте театр үйірмесі бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келген. Актерлік шеберліктерін шыңдаған дарынды оқушылар мектепішілік іс-шараларда үнемі өнер көрсетіп жүр. Енді шағын үйірме өз алдына театр болып ашылып отыр. Осы өнерге қызығушылығы бар оқушыларға І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының тәжірибелі актері Ғабит Қызыров тәлім бермек.Мектеп театры қазақ жазушысы Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драмасымен шымылдық түрді. Бұл қойылымда екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тылда еңбек еткен балалардың тағдыры баяндалады. Балалардың рөл сомдауы кәсіби актерлерден кем түспейді. Акт залын лық толтырған оқушылар, мектеп ұжымы және ата-аналар тартымды шығарманы тамашалап, бірде күліп, бірде көзге жас алып, ерекше әсерге бөленді.
Қойылым соңында Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалды мұражайының директоры Марғұлан Оспанов жалпы көрермендер атынан талапкер әртістерге разылық білдіріп, рахметін айтты. «Дарын» театрының сахнасына шыққан алғашқы жас актерлерге Алғыс хат табысталды. Театр жетекшісі алдағы уақытта бүгінгіден де ауқымдырақ туындыларды сахналауға ниеттеніп отырғандарын айтты.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓