Таңдағаны – таңғажайып өнер

Әлемде камера көзімен қоғам келбетін кескіндейтін фотографтар көп. Олардың көкірек көзі ашық, қырағы, сезімтал да епті болуы – шығармашылық дүниесінің сәтті шығуының кепілі. Қазіргі уақытта өңірімізде жастардың фотография саласына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көруге болады. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер де үнемі шығармашылық ізденісте жүретін, ой өрісі басқаларға қарағанда ерекше азаматтың бірі. Тина Петровичті фотосуреттер әлемі әуелден қызықтыратын. Осы саланың қыр-сырын меңгеруді бала күнінен армандайтын. 
Тина Петрович фотограф саласында 4 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Өз еңбегі мен ізденісінің арқасында осы өнерді терең меңгеріп, жас фотографтарға білімін беріп, білгенін үйретіп жүр.
«Мектеп жасынан кескінді бейнені түсіруге құмар болдым, әсіресе, әртүрлі графикалық фоторедакторлармен уақыт өткізгенді ұнататынмын. Кейін  алғашқы кәсіби фотоаппаратты сатып алуға да мүмкіндік туып, жұмысқа қызу дайындықпен кірісе бастадым. Біздің заманымызда сурет кез келген адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Өміріміздің ең жарқын дейтін көріністері осы бейнеде мәңгілікке сақталып қалады. Фотосурет – цифрлық ғасырда өмірдің кейбір үзінділерін есте сақтау тәсілі ғана емес, сонымен қатар жақсы табыс көзі», – дейді Тина.
Әр адам әлемді өз қалауындағы кейіпте көреді. Ал фотограф – кез келген құбылысты камераға түсіру дағдысы бар адам, сондай-ақ бейнені әрқилы образда әрлейтін маман. Қазіргі уақытта бұл саланы таңдайтын жастар жетерлік, әркімнің өмірге деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, яғни бейнелер де әртүрлі сараланады деген сөз.
«Мен 2022 жылдың қараша айында  Instagram әлеуметтік желісінде өз аудиториямды жинай бастадым. Кейін оқырман қауымынан шеберлік сыныбын өткізу туралы сұраныстар түсті. Бұл қадамға бірден бармай, біраз уақыт өткеннен кейін ғана бел будым. Өзім бұл салаға алғаш қадам басқанда қолымнан осы өнердің келетініне күмәнмен қараған едім. Бірақ сұраныстың тапшылығынан қолжетімді, жеңіл түрдегі алғашқы шеберлік сыныбын да өткіздім. Ал қазір алғашқы екі оқушыға сабақ беріп жатырмын. Олар бірнеше теориялық сабақты бітіріп, тәжірибелік сабақтарды сәтті тапсырып үлгерді. Оқытудан, үйретуден алатын ләззат пен қуаныш мені шабыттандыра түседі», – деді Тина Петрович.
Фотограф саласына қадам жасау үшін, ең алдымен, сұлу кескіннің субъективті ұғым екенін түсіну керек. Ең бастысы, өзіңізге шектеу қоймай, бейнені құру үшін өз қиялыңызды креативті түрде жеткізу шарт.
Ділназ Ізтелеуова
3-курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓