16 наурызда азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтеді

Қостанай қаласының Жастар сарайында 16 ақпан күні алғаш рет кеңейтілген құрамда облыс азаматтарын біріңғай қабылдау күні өтті. Облыс және қала әкімі, басқарма басшылары жалпы 212 тұрғынның сұрағына жауап берді.
Оның ішінде, облыс әкімі 81, ал орынбасарлары 24 адамды қабылдаған. Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевқа 73 тұрғын, басқармалар мен мемлекеттік орган басшыларына 34 адам жүгінген.
Кездесу қорытындысы бойынша 50 азаматқа сол жерде түсініктеме берілсе, 162 өтініш орындалу үстінде. 
– Аудан әкімдері өтінішіне жауап бермеген соң, облыстық деңгейде сауал жолдауға мәжбүр болған тұрғындар бар. Азаматтардың талап-тілегін қанағаттандыру – мемлекеттік органдардың негізгі міндеті. Айта кету керек, азаматтарды қабылдаудың біріңғай күні  өңір тұрғындары арасында оң пікір қалыптастырды. Қабылдау соңғы өтініш берушіге дейін жүргізіліп, 20:00-де аяқталды, – деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің аппарат басшысы Мұрат Сандыбаев.    
Тұрғындар құрылыс, жол жөндеу, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша жүгінген.
– Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін тоқсан сайын ұйымдастырып тұру керек. Осыған орай, келесі кездесу 16 наурызға белгіленіп отыр, – деді Құмар Ақсақалов.
Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдалана алмай отырған аудан әкімдері аталды. Олар: Науырзым, Қамысты ауданының басшылары.
– Мысалы, Науырзым ауданы әкімінің Instagram парақшасы белсенді емес. Соңғы хабарлама осы жылдың 26 қаңтарында салынған. Қамысты ауданының әкімі тек осы жылы бір ғана ақпарат жариялаған. Мерекелік құттықтаулар жариялай бергенсіздер. Ақтарылған жұмыстар жөнінде салуға болмас па еді, – деді Құмар Ақсақалов.
Өткен жылы өңір басшысының тапсырмасы бойынша аудан және қала әкімдері өздерінің жеке телефондарын жариялағанда 457 өтініш келіп түскен. Оның 412-сі әкімдікке, 45-і басқармаға бағытталған. Барлық өтініштер бақылауға алынып, 55%-тен астамы орындалды. Сұрақтардың 35%-і бойынша түсініктемелер алынса, 9%-і шешілу сатысында.
 
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓