Мұз айдыны мен бассейн сатылмайды
Қостанай қаласындағы Мұз айдыны мен бассейн тарату туралы шешімнен соң сатылмай қалды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық қаржы басқармасының жекешелендіру және жекешелендіруден кейінгі бақылау бөлімінің жетекшісі Любовь Казоринаның айтуынша, қазіргі күні Мұз айдынын тарату туралы шешім шықты. Қолданыстағы заңға сәйкес, тек қана заңды тұлғалар ғана таратылып, жылжымайтын мүліктер мемлекет қазынасына көшеді.
«Қалалық әкімдік бассейнді тарату шешімін жақын күндері хабарлайды. Әзірге Мұз айдыны мен бассейн «Орталық стадион» балансына өтеді, яғни мемлекет меншігі болып саналады», – деп түсіндірді Казорина.
Еске салсақ, бүгін жекешелендіру аясында саудаға шығарылған Қостанай қаласындағы №2 емхана кезекті рет сатылмай қалды. Енді ол үшінші рет сатылымға қойылады.