Облыста онколог дәрігерлер жетіспейді

Қостанай облысында 19 онколог дәрігер бар, оның алтауы негізгі қызметкер болса, қалған 13-і жұмысын қоса атқарушылар. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев облыс әкімдігінде өткен жиында осы саладағы маман тапшылығы туралы айтты.
Өткен жылы онкологиялық ауруға 2671 адам шалдыққан. Қостанай облысы бойынша 13832 науқас диспансерлік есепте тұр. 
– Жалпы сырқаттанушылардың 12%-і ішек обырымен ауырады. Сүт безі обыры да осы шамада – 11,7%, ал өкпе обыры – 10%. Өкпенің қатерлі ісігінен өлім-жітім көрсеткіші 14,9%-ке жеткен, колоректальді қатерлі ісік – 12,4%, асқазан қатарлі ісігі – 9,8%, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.
 
Былтыр жергілікті бюджет есебінен Алтынсарин, Жітіқара, Меңдіқара аудандарының ауруханаларына 148,7 млн теңгеге 3 маммографиялық құрылғы сатып алынған.  
– Биыл маммографиялық аппараттарды Арқалық, Аманкелді, Денисов, Жанкелдин, Қарабалық, Науырзым, Сарыкөл аудандарының ауруханаларына сатып аламыз. Оған жергілікті бюджеттен 381 млн теңге бөлінді, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстағы маман тапшылығын шешуді тапсырды. Қажет болған жағдайда қосымша қаржы бөлінетінін жеткізді. Қазір облысқа 11 онколог маман қажет болып тұр.
– Көрсеткіші төмендеп кеткен аудандарда жұмысты үдете түсу керек. Бұл бір жылдың шаруасы емес екенін де түсінемін. Аурудың ерте сатысын анықтау үшін Арқалық, Лисаков қалаларында және Жітіқара мен Денисов аудандарында радиотерапия аппараттарын жаңарту қажет. Маммографиялық жабдықтарды сатып алу үшін тиісті қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ, Қостанайдағы онкологиялық аурухананың радиология корпусының күрделі жөндеу жұмысына жобалық-құндық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастырамыз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
           
Жыл сайын саланы қаржыландыру көлемі артып келеді. 2021 жылы 3,3 млрд теңге бөлінсе, 2023 жылы 5,8 млрд теңгеге жеткен.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓