Қостанай облысында мал ауруы азайды

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Қолайлы эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз ету үшін өткен жылы  барлық жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар толық көлемде жүргізілді. Яғни, малдың  аса қауіпті ауруларына қарсы тұрақты иммунитетті қамтамасыз етті. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ақат  Шектібаев айтып берді.
Айтуынша,  2022 жылы облыстың ветеринариялық қызметі 7 880 963 профилактикалық және диагностикалық іс-шараның манипуляциясын жүргізген. Оның ішінде ірі қараның нодулярлы дерматиті, құстардың жоғары патогенді тұмауы, жануарлардың аусылы сияқты мал мен құстың  бұрын тіркелген аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы жыл сайынғы жоспарлы профилактикалық егудің  нәтижесінде облыс аумағындағы эпизоотиялық жағдайдан келер қауіп жоқ.  
-Бұл жағдай өңірде мал шаруашылығын одан әрі дамытуға, түлік санын  ұлғайтуға және ет,сүт, жұммыртқа өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Қарағанды облысының бір шаруа қожалығында аса қауіпті аусыл инфекциясының тіркелуіне, сондай-ақ, көрші мемлекеттердегі эпизоотиялық жағдайдың асқынуына байланысты  ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр  біздің облыс аумағында аусылға  қарсы вакцинация жүргізу туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың шілдесінен бастап облыстың ветеринариялық қызметі бар күшін аусылға қарсы вакцинацияны қысқа мерзімде жүргізуге жұмсады. Ветеринарлық дәрігерлер тіпті,  демалыс күндері де жұмыс істеп, ауқымды жұмыс  атқарды. Соның арқасында аса қауіпті инфекцияның жол кесілді,-деді басқарма басшысы.
Өткен жылдың  шілде-қараша  айларында облыс аумағында қара мал, шошқа, қой-ешкіні қоса есептегенде 2 403 376  түлікке аусылға қарсы ревакцинация  жүргізілді. Сондай-ақ, бруцеллез, жануарлар туберкулезі сияқты созылмалы инфекциялармен жүйелі түрде күресу шаралары жүргізіледі. Айта кету керек, 2015 жылдан бастап облыста ірі қара малдың бруцеллез жұқтыру деңгейі төмендеген. Мәселен, осыдан сегіз жыл бұрын оның көрсеткіші  0,87% болса, өткен жылы  төрт түліктің небары 0,20%-і ғана ауру жұқтырған.
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓