Жұмыс орны – «Баян сұлу»
Күнделікті Бақыткүл Мәмбетованың алдынан мыңдаған кәмпит өтеді. Айналмалы жолақ арқылы жаңа ғана шырын жасау цистернасынан қайнатылып, одан салқындатылып келген тәтті өнімдердің арасынан, қалыбы бұзылып, мыжылғандары болса, оларды алып тастап тұрады. Соған көз де әбден үйренген. Орамаға қаптайтын аумаққа дейін сырғып келе жатқан тәттілердің арасында қораш көрінетін небір формасыздары көзге бірден ілігеді. Ал әдемі қалыптағы кәмпиттер айналдырған бірнеше метрден соң келесі бөлікке өтеді. Сол әдемі формадағы кәмпиттеріңіз еліміздің кез келген сауда орындарында тұр. Міне, былай қарасаңыз, бір орында тұрып, қаншама жауапкершілік атқаруға болады.
"Баян сұлу" АҚ кондитерлік фабрикасында 2005 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Бақыткүл Мәмбетова өз ісіне, міндетіне әбден берілген мамандардың бірі. Тарихы бай мұндай кәсіпорында тоғыз жыл жұмыс атқару аса көп уақыт болмаса да, оның жауаптылығы үлкен. Әрбір күнгі жемісті еңбек тек фабриканың абыройы ғана емес, ол – тұтынушылардың алдындағы зор беделі.
Тоқсаныншы жылдардың ая-ғында шалғайдағы Аманкелді ау-данынан көшіп келген Бақыткүл апа қазір қалада тұрақтап қал-ды. Тұрақтап қана қойған жоқ, алыс-жақын шетелдермен бәсекелес ірі кондитерлік кәсіпорынға жұмысқа орналаса алды. Бүгін кейіпкеріміз жұмысының қызығы мен шыжығы жайында әңгімелеп берді:
– Ең алдымен, жұмысымыз жауаптылықты талап етеді. "Еңбектің дәмін татқан біледі" демекші, ізденбесең жұмысың өнбейді. Көбіне жаңадан келген кейбір жастар жұмыстың қиындығына шыдай бермейді. Себебі, автоматтандырылған құрылғының шапшаңдығынан қалыспай, үлгеріп отыруың керек. Кәсіпорында барлық жағдай жасалған. Емделуге де жеңілдіктер бар. Жұмыс істеуге саған ештеңе кедергі емес. Күнделікті сегіз сағаттан екі ауысыммен жұмыс істейміз. Кейде түнгі ауысымға да шығатын күндер болады. Жұмысыңды атқарып болған соң, жуынып аламыз да, мекеменің автобусымен үйімізге дейін жетіп қаламыз. Алдағы жылы осы жерден еткен еңбегімнің жемісін көріп, зейнеткерлікке шығам ба деп жүрмін.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ
Суретте: Бақыткүл Мәмбетова.
Суретті түсірген: Б.АХМЕТБЕКОВ.