Талас-тартыс түйіні – Тобыл
Бүгін "Алтын дән" мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтті. Күн тәртібінде Тобыл өзені бойынан орын тепкен үш ауылды, яғни Қостанай ауданының қазіргі орталығы Затобол кенті мен Заречный, Мичурин ауылдарын біріктіріп, қала мәртебесін беру және үш елді мекеннің бірігуінен пайда болатын жаңа қалаға Тобыл атауын беру мәселесі талқыланды.

Мәжілісті аудан әкімі Қайрат Ахметов жүргізіп отырды. Залда ине шаншар орын жоқ. Алдымен, қоғам белсенділері, мұғалімдер, аудандық экономика бөлімінің басшысы, заң қызметкерлері, комиссия мүшелері, жастар сөз алды.


Туған жердің түлегені кімге ұнамасын. Бұл ұсынысты ауыл тұрғындары бірауыздан қолдады.
Екінші мәселе – қала атын ауыстыру. Бастамашы топ жергілікті билікке қаланы Тобыл деп атау туралы ой тастаған Бұл сұраққа келгенде тұрғындардың пікірі қаққа бөлінді. Бір тараптың ойынша, Затобол атауы – ел тарихының, ата-баба еңбегінің көрінісі. Ұмыт болып бара жатқан тарихымызды бүгіп жатқан асыл есім екен.




Айта кететін жайт, Затобол кентінің кейбір тұрғындары бұл өлке Тың игеруге дейін бос жатқан дейді. Ал, қазақтың әйгілі жазушысы Бейімбет Майлин "Жалбыр" әңгімесінде Құтты алап деп осы қазіргі Затобол жерін суреттеген. Бұған дейін болашақ қалаға Құтты алап атауын беруін де айтылғаны жасырын емес, бірақ дәл мұндай ұсыныс жергілікті билікке келіп түспеген. Бұл қауесетті журналист Татьяна Калюжная таратқан. Осы ақпараттан соң әлеуметтік желілерде біраз ұрыс-керіс болғаны да рас. Бұны аудан әкімі Қайрат Ахметов мәлім етті. Сондықтан, күн тәртібінде тек Тобыл атауы ғана қаралды.

Жиын соңына қарай ҰҚК құрметті ардагері Михаил Дауенов сөз алып, қоғамға өз кеңесін айтты:
-Аталған ауыл тұрғындары өз ұрпағының болашағын ойласа, бұл екі істі де қолдау керек. Мәселен, ауылдағы білім мен қаладағы білімнің, сол сияқты медециналық қызметтің де айырмашылығы бар. Екінші мәселе – қала атауын қазақшалау. Қазір бәрі ептеп қазақ тіліне көшіп келеді. Сендердің балаларың да қазақша сөйлейтін болады. Біздің облыс қазақ тіліне шорқақтау шығар, оған біз не сіздер кінәлі емессіздер. Дегенмен, ұрпағымыздың келешегі жарқын болу үшін бірауыздан қолдау керек,-деді ол.
Өз кезегінде аудан әкімі Қайрат Ахметов Қостанай облысындағы дәл осындай атауы бар Тобыл станциясын да мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл ешқандай кедергі болмайды.

-Бәріңіз білесіздер, Таран ауданына қарасты Тобыл станциясы бар. Бірақ, бұл біздің қаламыздың болашағына кедергі емес. Қала мен станцияны ешкім шатастыра қоймас. Сондай-ақ, қала мәртбесін иемденіп, атауы өзгерсе, тұрғындар құжаттарын ауыстыруға да міндетті емес,-деді әкім.
Сонымен, төрт сағатқа созылған талас-тартыс түйінін жергілікті депутаттар шығарды. 26 адамнан тұратын комиссия бірауыздан қос ұсынысты да қолдады. Енді бұл мәселе облыстық және республикалық деңгейде қаралатын болады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.