Қолға алынған жобалар да, қордаланған мәселе де көп
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Рудныйға жұмыс сапарымен барды. Бірнеше әлеуметтік, өндірістік нысанды аралады. Арнайы жиын өткізіп, қаладағы өзекті деген мәселелерге құлақ түрді.

Рудныйда 1200 орындық орта мектеп салынады. Қазір жобалық-құндық құжаты дайындалып жатыр. Ол сәуір-мамыр айларында мемлекеттік комиссия мақұлдауынан өтеді. Құрылыс жұмыстары сараптама аяқталысымен басталмақ.

«Мектеп облыс әкімдігі мен ЕRG компаниясының былтыр жасасқан меморандумы аясында бой көтереді. Орта есеппен, құрылысқа 5,5 млрд теңге жұмсалады. Мерзім – 12 ай. Білім беру нысанының жалпы ауданы – 22 мың шаршы метр. Екі корпусты ғимарат үш қабатты болады. Мектеп «Жайлы мектеп» нормаларына сай етіп салынбақ», – дейді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.
Мектептің іргетасы құйылғалы отырған орында бұрын стадион болған. Бұл жер орталық көшелер торабында жатыр. Құрылысқа таңдалған аумақпен және ғимарат эскизімен танысқан облыс әкімі алаңды тегістеу, құрылысқа дайындау үшін қажет болып отырған 5-10 млн теңгені бөлгізетін болды.

Бұдан соң өңір басшысы «ССКӨБ» АҚ-ның шекемтас өндіру зауытына барды. Өндіріс процесімен, алға құрып отырған жоспарларымен, қолға алғалы отырған жаңа жобаларымен танысты. Кәсіпорын басшылығы, геосаяси жағдайға байланысты туындап жатқан қиындықтарға қарамастан, осы жылы 126 млн доллар инвестициялап, жұмыс орындарын сақтап қалған.









Тағы бір өзекті түйткіл – Горняцкий ауылында мектеп жоқ. 162 оқушы күн сайын Рудныйға қатынап оқып жүр. Қазір мәселені шешу үшін ауылдағы бір бос ғимарат көзделіп отыр. Бірақ бұған арқа сүйеген күннің өзінде спорт залы мен асхана болмайды. Бұл жағдайды қалайда созбаққа салмау қажет.

Жолаушылар тасымалы, қоқыс шығару ұйымдары арасындағы дау да толастамай келеді. Екі ортада зардабын тұрғындар көріп отыр. Осы аталған мәселелердің бәрін реттеу Виктор Ионенкоға жүктелді.
Іссапар соңында облыс әкімі жергілікті "Горняк" және өзбекстандық "Numo" хоккей клубтарының кездесуін тамашалады.








Толығырақ – газеттің алдағы нөмірінде.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ