Адалдық алдындағы ант
Қостанай облысы Өрт сөндіру қызметінің жас қызметкерлері Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығын мерекелеу қарсаңында салтанатты түрде ант қабылдады.
Жас өрт сөндірушілер қызметтік борышын адал және абыроймен атқаруға, ҚР Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, мемлекет мүддесін қорғауға және ҚР Президентінің саясатын жүргізуге ант берді. Қазақстан халқына адал қызмет ету, мемлекетіміздің беделін нығайтуға ықпал ету, мемлекеттік қызметшінің жоғары атағын абыроймен иелену, қызметтік міндеттерін атқару кезінде заңдылық, әділдік және адалдық қағидаттарын ғана басшылыққа алу – міне, әрбір қызметші осыны қатаң ұстануы қажет. Серттерін сенімге байлаған 7 жас сарбаз «Қостанай облысы ТЖД ӨСжАҚЖҚ» ММ толыққанды қызметкерлері болып атанды.
Салтанатты іс-шара туды көтеруден басталды. Жас офицерлер, Көкшетау техникалық институтының бұрынғы түлектері өрт сөндіру қызметінің жалауын биік ұстап шықты. Ант қабылдау рәсімі содан кейін өтті. Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Руслан Орынбеков, Қостанай облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің басшысы Марат Жүсіпов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Мельников сөз сөйледі. Олар жас жауынгерлерге жылы лебіздерін айтып, оларға өз қызметтік борышын адал және жауапкершілікпен орындауға, кәсіби дағдыларды ұдайы игеруге, қызметте лайықты өсуге тілек білдірді.
Іс-шара қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілерді еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен және бөлімшелердің жеке құрамының салтанатты шеруімен аяқталды.
«Қостанай облысы ТЖД ӨСжАҚЖҚ» ММ баспасөз қызметі