Құмар Ақсақалов: “Сапасыз құрылысқа сырттан келген компаниялар кінәлі”

«Қостанай қаласы, Денисов, Қарабалық, Қарасу аудандарында құрылыс-монтаждау жұмыстары оң динамикаға ие. Керісінше, Рудный, Лисаков қалалары және Амангелді, Қамысты, Сарыкөл аудандары кенжелеп тұр. Тіпті, Арқалық қаласы мен Науырзым ауданындағы көрсеткіш 50 пайыздан төмен», – деп баяндады облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

«Тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымға былтыр 5,4 млрд теңге бөлінген. Осы соманың 169,4 млн теңгесі игерілмеді. Қостанайдағы 4 нысан, Жітіқарадағы 1 нысан құрылысы мерзімінен кешігіп, атқарылған жұмыстар акті дайындалмауы кесірінен осындай түйткіл туындаған», – дейді басқарма басшысы.

«Барлық өңір бірдей алға қойылған міндеттерді орындаған жоқ. Осы бағытта Арқалық, Рудный, Лисаков қалалары мен Науырзым, Амангелді, Қамысты, Сарыкөл аудандары кері көрсеткішке ие. Қостанай, Рудный қалалары да әлеуметтік тұрғын үй салу жөнінен нашар екенін айтқым келеді. Қостанайда аяқталмаған 43 үйдің біреуі ғана – Юбилейный шағын ауданындағы №49 үй пайдалануға берілді. Әуежай, Қонай шағын аудандарындағы үйлерді де аяқтау өзекті болып тұр. Тұрғындар маған да келді, БАҚ беттерінен де шағымдарын көріп отырмын. Бұл мәселені қалай, қашан шешеміз?», – деді облыс әкімі.





Сондай-ақ, ол сырттан келген мердігерлерге де сын айтты. «Сақалды» құрылыстардың көбеюіне солардың немқұрайдылау жұмысы себепші екенін төтесінен қойды.

«Мен жаңа басқа өңірден келген компания басшыларын орындарынан бекер тұрғызған жоқпын. Қарап отырсақ, проблемалы нысандардың көбіне солар мердігер болып отыр. Олар портфельмен келіп, барлық жұмыс күшін, техниканы осы жақтан жалға алады. Бұл жауапкершіліктің төмендігін көрсетеді. Конкурстарды бір қарап шықтым, өкінішке қарай, басқа қалалардың компаниялары өте көп екен. Жергілікті компаниялардың белсенділігі неге төмен? Неге олар осылар секілді жұмыс істемейді? Жерлестерді белсенді қатысуға шақырамын. Сондай-ақ, сырттан келген мердігерлер бұдан былай қатаң бақылау болады», – деп түйіндеді облыс әкімі.