Бұрын жасалған ауыр қылмыстар ашылды (видео)
Қостанай полицейлері ашқан қылмыстардың ішінде осыдан 12 жыл бұрын жасалғандары бар. Ұзақ уақыт бойы оның ізін ашу мүмкін болмай келді. Себебі, күдіктіні жедел анықтау қиынға соқты. Бұл қарақшылық шабуыл Жітіқарада жасалған. Белгісіз адам жеке тұрғын үйлердің біріне баса-көктеп кіріп, оның иесін аңшылыққа арналған мылтықпен қорқытады. Үрейін алу үшін төбеге екі рет оқ атқан. Бірақ үй иесі қарсылық көрсетіп, қарақшыны әбігерге түсіріпті. Ақырында шабуыл жасаған адамның өзі қорқып қашып кеткен.
"Күдікті жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында анықталды. Ол бұрын сотталған Қостанайдың 64 жастағы тұрғыны болып шықты", – делінеді облыстық ПД баспасөз қызметі хабарламасында.
Полицейлер Арқалық қаласында қарақшылық шабуыл жасады деген күдіктіні де ұстады. Осы жылдың 23 қаңтарында микроқаржылық ұйымның кассирін пышақпен қорқытқан ер адам 29 мың теңгені қолды қылған.
"Арқалық қаласында жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бұрын сотталған, тұрақты жұмыс орны жоқ 34 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Іздеу барысында күдіктіден пышақ табылды. Жәбірленушілер мен куәгерлер шабуылдаған адамды таныды", – дейді полицейлер.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары Қостанай ауданы Мичурин ауылының қарт тұрғынына қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілерді қолға түсірді. Өткен жылдың 29 желтоқсанында бетперде киген екі адам жалғызбасты зейнеткердің үйіне түскен. Қарт адамды байлап, үйден ақша іздепті. Қарақшылар дегендеріне жетіп, 270 мың теңгені үптеп кеткен. Екі айдан кейін полицейлер бұрын сотталған қостанайлық 36 жастағы екі адамның ізіне түсті.
Барлық фактілерге сәйкес 192-бап (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерге 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Барлық фактілерге сәйкес 192-бап (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерге 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.