Арқалықта 8 ірі жоба іске асырылмақ
Биыл Арқалықта 4 млрд 420 млн теңгеге 8 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 211 тұрақты жұмыс орнын құрылмақ.Атап айтқанда, «Torgay INVEST GRОUP» ЖШС қуаттылығы жылына елу мың конвейерлік роликтерді өндіру жобасын қолға алмақ.
«Азия-1» серіктестігі диірмен кешенің жұмысын тәулігіне 22 тоннаға дейін көбейтуді қолға алады. «АРК СЕРВИС СЛ» компаниясы мал азығы өндірісіне бет бұрмақ. «Балажан» ЖШС бұрынғы тігін цехын қонақ үй кешеніне лайықтағалы отыр. 200 млн теңге қаражатты кәсіпкер өз қалтасынан шығарыпты.
– «КМК-Агрохолдинг» серіктестігінің «400 гектарға құнарлы ауыл шаруашылығы дақылдарын себелетіп суару жүйесі» инвестициялық жобасы бойынша 15 тұрақты жұмыс орны құрылады. Жалпы құны 500 млн теңгенің жобасы серіктестіктің жеке қаражаты есебінен. Пайдалануға беру биылғы жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. «Алюминстрой» ЖШС жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын тәулігіне 75 тонна өнім шығаратын диірмен салғалы отыр. Ал «Арқалық Айдар» серіктестігінің 2,5 мың ірі қара малға асыл тұқымды репродуктор салу жобасы бар. Жобаның құны – 951 млн теңге. Сондай-ақ, «Ұрпақ Агро» ЖШС бес мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салуға ниеті. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңге. Өндірістік қуаттылығы – жылына 1200 тонна ет, – деді Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов.
Бұған қоса, алдағы екі жылда жалпы құны 9,8 млрд теңге болатын 2 тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Онда 65 тұрақты жұмыс орны ашылады. Осы жобаларды азықпен қамтамасыз ету үшін биыл «КМК-Агрохолдинг» ЖШС 400 гектарға, ал «Арқалық агро KZ» серіктестігі мың гектарға құнарлы ауыл шаруашылығы дақылдарын себелетіп суару жүйесі жобаларын іске асыруды бастады.
Ал, келесі жылы жалпы құны 25 млрд 170 млн теңгені құрайтын бес жобаны іске қосу жоспарланған екен, онда 148 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан басқа, қаржы институттары мақұлдаған жағдайда іске асыруға дайын 5,4 млрд теңге болатын екі инвестициялық ұсыныс бар. Екі жоба 200 адамды жұмыспен қамтымақ.
Облыс басшысы Торғай өңірінде ауыл шаруашылығы жағынан атқарылып отырған жұмыстар қуантатынын айтты. Себебі, оңтүстік өңір агроөнеркәсіп саласына өте қолайлы әрі оған мүмкіндігі мол. Сондықтан ет өндіруге аса мән берген дұрыс екенін алға тартты. Сонымен қатар, Торғай боксит кен басқармасынан қысқартылған жұмысшыларды еңбекпен қамту мәселесін шешуді тапсырды.