Надежда үмітті ақтады

Марокко елінде  бокстан өткен «GOLDEN BELT MARRAKESH  2023» халықаралық турнирінде жерлесіміз Надежда Рябец бақ сынап, қола жүлде иеленді. «Надежда ширек финалда мароккалық боксшыны ұтып, жартылай финалда тайвандық әлем чемпионымен қолғап түйістірді. Үш раунд бойы бұрыш-бұрышқа қарсыласын қуумен болды. Көп жағдайда таза құлатпаса, ұпай басымдығы төрешілер тарапынан ескеріле бермесі анық. Осылайша таразының басын қалаған жақтарына бұра салатыны бар. Біз де сондай әділетсіздікке тап болдық», – дейді Надежданың бапкері Роман Миничкин.  
Бапкердің шәкірті үшін алға қойған жоспары жетерлік. Алдағы күндері Алматы қаласындағы оқу-жаттығу жиынына аттанбақ. Спортшының бұл қадамы Үндістанда өтетін әлем чемпионатына жарқын жол ашады. 
«Турнир жоғары деңгейде өтті. Қуанышымды жақындарыммен бөліскенше асықпын. Алда көп тер төгу керек», – дейді Надежданың өзі.
Спорт шебері Қарабалық ауданы Ворошилов ауылының тумасы. Өрімдей қыздың талабын байқаған әкесі он жастан енді асқан Надежданы бокс үйірмесіне береді. Өзінің таланты мен бапкерлерінің маңдай терінің арқасында он бес жасынан  республикалық додаларда көзге түсе бастайды. Ел чемпионы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы деген атақтарға ие бола бастаған ол 2018 жылы жастар арасындағы бокстан Азия біріншілігінде топ жарды. 69-75 келі салмақ  дәрежесінде жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарына қатысты. 2020 жылы Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. «Мен ол уақытта Германиядағы оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Алдымда үлкен таңдау болды. Біріншісі осы жиын арқылы іріктеуден өту немесе Дубайдағы Азия біріншілігіне қатысу. Бапкерім Роман Миничкинмен ақылдастым. Ол кісі маған Дубайға барғаннан ештеңе шықпайтынын айтты. Біріншіден, алдағы уақытта тек олимпадаға тас-түйін дайын болуым керек. Екіншіден, біріншілікке көшбасшылардың дені бармайды деп жобаладық. Сөйтіп, оқу-жаттығу жиынын таңдадым. Онда Куба елінің ерлер құрамымен жаттығып, тәжірибе жинақтадым»,- дейді Надежда Рябец.
«Надежданы он бес жасынан жаттықтырдым. Ол кезде қаладағы №8 мектепте оқытушы болдым. Әуелден еңбекқор болатын. Көп жағдайда қателіктермен жұмыс істейміз. Арасында жарыстардан жиі үзіп қалғанда жаттығуға назар аударуды жиі есіне салдым. Бастысы, сенің әдісіңді болашақ қарсыласың игеріп алмауы керек», – дейді бапкері.
Надежданың өзі де болашаққа үлкен жоспар құрып отырғанын айтты.
Айбек Ғалымұлы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓