Балалар қауіпсіздігі қатаң қадағалауда

Таяу күндері көршілес Солтүстік Қазақстан облысында мектеп ішінде болған оқиға елдің жағасын ұстатқан еді. Оқу орнына суық қару жасырып кірген бала айдың-күннің аманында үш оқушыны ауыр жаралап, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығарған. Осы оқиға қоғамда кеңінен талқыға түсті. Әңгіме өзегі – балалар қауіпсіздігі. Сабақ болар сын – мектеп күзеті, бейнебақылау камералары қызметінің мардымсыздығы. Қазір нақ осы мәселе әр өңірде қатаң қадағалауға алына бастады. Қостанай облысындағы ахуал да әкімдікте өткен жиында талқыға алынды.
Қазір облыста 455 мектеп, 116 балабақша, 25 колледж бар. Олардың бәрі бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Тек соның бәрі ақаусыз істеп тұр деу қиынырақ. Біразын ауыстыру, жаңарту қажет.
«Балалардың қауіпсіздігі – өзекті мәселе. Бұған Петропавл қаласының мектебінде болған оқиға дәлел, – дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Айман Ибраева. – Бүгінде облыстағы барлық білім беру нысаны бейнебақылау камерасымен қамтылған. Бірақ биыл 99 мекемеде тозығы жеткен құрылғылар ауыстырылады. Оған 99,5 млн теңге жұмсалмақ. Тағы 60 білім ұйымының камераларын жаңартуға 66,3 млн теңге бөлуге өтініш берілгелі отыр. Осылайша, барлық жүйе бекітілген стандарт пен талапқа сәйкес жұмыс істейтін болады».
Мұның сыртында, оқушылар саны 300-ден асатын мектептердегі камералар полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне, Жедел басқару орталықтарына қосылып, дабыл түймелері орнатылуы шарт. Облыстағы осы талапқа сай келетін 219 білім нысаны аталған орталық бақылауында екен. Биыл тағы 31 мекемені полицейлер қадағалауына тапсыру көзделіп отыр.
«Қазір мұндай техникалық мүмкіндік Амангелді, Әулиекөл, Қамысты аудандарының полиция бөлімдерінде жоқ. Аталған өңір әкімдерінен Ақпараттандыру басқармасымен бірлесіп, осы мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды өтінеміз. Сондай-ақ, Амангелді, Жангелдин, Денисов, Науырзым аудандарында арнайы пульттік күзет агенттігі жоқ. Аудан басшысалыр облыстық Полиция департаментімен бірлесіп, дабыл түймесін орнату жұмыстарын реттесе деген өтінішіміз бар», – деп толықтырды Білім басқармасының басшысы.
Оқушылары 700-ден асатын оқу орындары турникетпен және лицензиялы күзетпен қамтамасыз етілуге міндетті. Облыста контингенті көп 157 ұйым бар. Соның 108-не турникет орнатылып, 62-не ғана күзет қойылған. 95 білім беру ұйымында әлі күзет жоқ. Қазір осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы тұста облыс әкімі Құмар Ақсақалов бір ауыз ескерпесін айта кетті.
«Күзетшілер оқушыларды қорғауға, кез келген қауіпке қарсылық білдіруге қабілетті тұлға болуы керек. Тағы да зейнеткерлерді жинап алып, оларға лицензиялы күзет маманы ретінде жалақы төлейміз бе? Бұндайға мүлдем жол бермеу қажет. Контингенті үлкен оқу орындарына іріктелген, тәжірибелі, тегеурінді адамдарды тарту керек», – дейді Қ.Ақсақалов.
Ол бейнебақылау құрылғыларын жаңартуға, лицензиялы күзетпен қамтуға қажет болып отырған қаржыны бөлу мәселесін жуырдағы мәслихат отырысында қарауды тапсырды. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларын толық түгендемеген аудан басшыларына мәселені дереу шешу керегін ескертті.
Бұдан соң Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев облыс орталығындағы ахуалды баяндап берді. Облыстық ПД бастығы Ерлан Омарбеков құқыққорғау саласының осы бағыттағы жұмыстарын жіпке тізді. Жиында интернет-кеңістіктің қауіпсіздігі, буллинг, деструктивті мінез-құлыққа ие балалар мәселесі де сөз етілді. Қазір барлық аталған мәселе төңірегінде Білім басқармасы, Полиция департаменті, Кәмелетке толмаған балалар ісі жөніндегі комиссия және басқа да мүдделі құрылымдар тізе біріктіріп жұмыс істеп жатыр.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓