Жер кезегінде тұрған адамдар саны отыз мыңнан асты
Былтыр Қостанай қаласында төрт мың адам жер телімін алуға ниет білдірген. Соның ішінде 1,9 мың өтініш "Е-өтініш" электронды жүйесі арқылы түсті. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде айтылды.

– Заңсыз пайдаланылған жер телімдері туралы мәліметтер облыстық жер ресурстары басқармасына жолданды. Әрі қарай тексеру шаралары жүргізіледі. 2020-2022 жылдар аралығында шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге қатысты мораторий жарияланған болатын. Соның салдарынан аталған мерзімде жер заңнамасының талаптарын тексеруге мүмкіндік болмады. Мораторий 2022 жылдың 11-тамызынан бастап жойылды. Қазіргі күні жер заңнамасын бұзушыларды анықтау және алдын алу жұмыстары күшейді, – деді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаев.
Үй салуға жер телімін алғысы келетін азаматтардың саны 33 120 адамға жеткен. Жер телімдерін беру мерзімінің ұзақтығы мен кезектің баяу жылжитынын айтып, шағымданатындар да баршылық. Азаматтардың сұранысын қанағаттандыру үшін екі мың гектар жер қажет екен. Алайда, Қостанай қаласының аумағында мұндай көлемдегі бос жатқан жер жоқ. Кезекті азайту үшін "Қонай" шағын ауданында жеке тұрғын үй салуға 1967 жер телімін беру жоспарлануда. Бірақ, ол жерде "Отбасы банкінің" несиелеу механизмі арқылы салынған дайын үйлер беріледі.
Қымбат ДОСЖАНОВА