Теннис – өмірлік таңдауым

Лаура Табажанова «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы, ҚР ағзасын ауыстырған адамдар арасындағы дүниежүзілік үстел теннисі ойындарының қола жүлдегері. Бүгін қайсар спортшыдан аз-кем сұқбат алудың сәті түсті. 
– Ең алдымен, осы спорт түріне қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз.
– Үстел теннисімен 13 жасымнан бастап айналысып келемін. Мен үшін ең қолайлы спорт түрі – үлкен физикалық белсенділікті қажет етпейді, сонымен бірге дене үнемі қозғалыста болады. Мен ойыннан ләззат аламын. Үстел теннисі маған дамуға  мүмкіндік берді және күйзеліс, уайымнан арылуға көмектеседі. 2017 жылы Ақтауда өтетін трансплантация мен диализден өткен адамдар арасындағы халықаралық спартакиада туралы білдім және қатысуға бел будым. Нәтижесінде бірінші орынға ие болдым. Бұл менің спорттағы алғашқы жетістігім болды. Осы жеңістен кейін маған турнир чемпиондарының Италияға, Кальяри қаласына, мамандандырылған Еуропа чемпионатына бара алатыны туралы хабарланды. Әрине, ол жерлерге барғым келді, сондықтан мен жаттықтырушымен жаттығуым керек деп шештім. Себебі бұл спортты өзім жатықтырушысыз үйренген болатынмын және мұндай жарысқа қатысу үшін маған үлкен дайындық қажет еді. Содан кейін мен Лилия Магалееваның командасына қосылып, Сергей Родичкинмен жаттыға бастадым.
2019 жылы Англияның Ньюкасл қаласында Әлемдік ойындар болатынын біліп, дайындықты күшейттім. Қазақстаннан жалғыз өзім барып, тағы да үшінші орын алдым. Осы күнге дейін менің басты тәлімгерім Сергей Родичкин болып келеді.
– Лаура, Қостанайда үстел теннисі қаншалықты дамып жатыр?
-Алдымен, үстел теннисінің әлемдегі ең танымал спорттық ойындардың бірі екенін атап өткен жөн. Біздің облыста да қарқынды дамып келе жатыр деп толық сеніммен айта аламын. Себебі қатарымыз жаңа білікті жаттықтырушылармен толықты, сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі үстел теннисіне арналған құралдармен спортшыларды қамтамасыз етіп отыр, ойын залы да жаңартылған. Осының бәрі спортшының кәсіби деңгейін көтеруге септігін тигізеді. Спортшыларымыз республикалық, халықаралық, сурдлимпиадалық жарыстарда бой көрсетіп жүр, жүлделерімізде бар.
Аталмыш спорт түріне қызығатындар көп пе?
– Әуесқойлар саны біршама. Жас баладан бастап, еңкейген қарияға дейін үстел теннисі жаттығуымен белсенді айналысып, қалдырмай келіп жүреді.
– Адам денсаулығына қандай пайдасы бар?
– Тұрақты түрде айналысатын адам буын ауруларының алдын алады. Қан қысымын қалыпта ұстайды. Сонымен қатар, үстел теннисі – ең қауіпсіз спорт түрі. Оны кез келген адам ойнай алады. Тіпті теннис ракеткасын енді ұстаған жандар да аталған спортқа тез бейімделеді. Шағын тақтадағы ойын болғанымен, адам ағзасына тигізер пайдасы көп. Үстел теннисі, әсіресе, білек пен иық бұлшық еттерін шынықтырады, қол, көз координациясын жақсартады, ақыл-ойды сергітеді, концентрация мен тактикалық стратегияны дамытады және ұпай алғанда спортшы эмоцияны сыртқа шығарып, бойдағы бөтен ойлардан, негатив энергиядан арылуға көмектеседі. Сонымен қатар, тірек-қимыл жүйесіне жақсы әсер етеді. Қолжетімді спорт болғандықтан, салауатты өмір салтын ұстанатындарға нағыз керек ойын түрі деп айтуға болады.
– Денсаулыққа тигізетін пайдасы жайлы айтып өттіңіз, енді адам бойындағы қандай қабілеттердің ашылатыны жайлы сөз етсеңіз.
– Теннис ойнау барысында визуалды және қозғалыс барысындағы жады ерекше маңызды. Олардың көмегімен спортшы техникалық элементтерді тезірек игереді және тактикалық комбинацияларды дамытады. Көру жадын үнемі дамытуға болады, ал қозғалыс барысындағы жадты күрделі қозғалыстармен дамыту керек. Барлық танымал шебердің өз қимыл-қозғалысытары бар, оларды басқа теннисшілер қайталайды, жеке стилін құра отырып, өз техникасын қалыптастыра алады. Теннис маманы үшін  ең маңыздысы – шарды сезіну. Теннисші доптың жылдамдығын, бағытын және айналу траекториясын, соққы кезінде, соққыға дейін және одан кейін қарсыластың жағдайын ескереді. Спортшы тек қарсыластың ғана емес, өзінің де психологиялық жағдайын бақылауда ұстауы керек. Ойын барысында теннисші тек ойланып қана қоймайды, оны талдауға, байқауға, салыстыруға тура келеді. Бұл ақыл-ойдың жұмысын және спортшының жедел ойлауының негізі болып саналады. Үстел теннисі ойлау жылдамдығын арттырып, табысқа жету үшін ерік-жігер, батылдық пен табандылық, шыдамдылық пен байсалдылық, тез шешім қабылдауды дамытады.
–Сұхбатыңызға рақмет!
 
Сұхбаттасқан Гүлназ Таңатқанқызы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓