Қарабатыр жылды табысты аяқтады
Көктемгі егістікті және күзгі орақты кешіктірмеу – «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС негізін қалаған тұлға, еліміздің ауыл шаруашылығының үздігі Жәзит Кәрімұлының қатаң принципі еді. Техниканы да осы науқандарға сақадай-сай етуді ұйымдастыруда алдына жан салмады. Жаздың күндері мал азығын, тіпті, алдағы жылдарға жететіндей етіп молынан дайындап алатын. Қарабатыр елі биылғы жылды да табыспен аяқтады. Ең бастысы, шаруалардың барлығы маңдай терін төгіп, аянбай еңбек етті. Күзгі орақ науқаны кезіндегі жұмысшылар 250 адамға дейін жетеді. Серіктестік жылды қорытындылап, ауыл шаруашылық күнін өткізді. Үздік жұмысшыларға құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалды. Биыл барша Қарабатыр жұртшылығына көрсетілген марапаттың үлкені – осы ұжым жетекшісі Марат Құдайқұловтың облыс басшысы қолынан алған «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Александр Мұрзаханов осы серіктестікте жиырма жылдан астам еңбек етіп келе жатқан маман. Сонау тоқсаныншы жылдардың басынан бері туған ауылын түлету үшін жүк көлігіне отырды. Тонна-тонна астықты тиеп алып, күн-түн демей қырман мен элекваторларға тасып апаруға төзім мен күш-қайрат керек. Міне, Александр да осы міндетін табыспен атқарып келеді. Былтыр серіктестік жаңадан 6 «КамАЗ» көлігін сатып алған болса, соның біреуін алғашқы болып Александр Мұрзаханов тізгіндеді.
Ал ауылда ширек ғасыр мал шаруашылығы саласында жүрген, бүгінгі таңда түйе төліне жауаптанған Жеңісхан Мұғражұлы мен осы өңірде туып-өсіп, 45 жыл еңбек етіп келе жатқан механизатор Кіндікбай Жолтаев кейінгі жастарға нағыз үлгі боларлық жандар. Олар жастарды ауылға келіп жұмыс істеуге шақырады.
Серіктестік директоры Марат Құдайқұлов алдағы жылдарда мемлекет ауыл шаруашылығын қолдауды арттыра берсе, халықтың да жағдайы жақсара береді дейді. Ол үшін ет пен астықтың бағасы арзандамай, нарықта тұрақты өтіп тұрса болғаны. Себебі, – «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС соңғы жылдары етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымын өсіруді қолға алды. Ал жерінің құнарлығына қарай бидайы сапалы әрі оған сұраныс та жоғары дейді шаруашылық басшысы:
– Биыл 26 мың гектар егіннің әр гектарынан 11 центнерден бидай алдық. Ең бастысы, жиын-терімді дер кезінде аяқтап отырмыз. Күзі орақ науқанында әрбір жұмысшының төккен еңбегі ұшан-теңіз. Алдағы уақытта да осы деңгейімізден түспей, әлі де ісімізді еселей түсеміз деген ойдамын. Жұмысшылардың еңбекақысы уақтылы беріліп отыр. Орташа айлық 67 мың теңгеге жуық. Жалпы егіні мен малы бар ауылдар дағдарыс қиыншылығын көрмейді. Бізде диірменіміз бар, ұн жеткілікті, халыққа жем-шөп, көмір тұрақты жеткізіліп тұрады.
Серіктестің алдағы уақытта бұдан басқа да жоспарлары баршылық. Жаңадан техникалар сатып алмақшы. Бұдан бөлек, ауыл мектебіне қаржылай, материалдық демеу көрсетіп, жөндеу жұмыстарына көмегін аяған емес. Бірнеше жыл бұрын балабақшаның жұмысын бастағаны туралы жазылды. Ал алдағы уақытта Елбасының салауатты өмір салтын ұстану мен мәдени саланы қолдауға атсалыспақшы. Атап айтқанда, ауылда спорт кешені салынып, мәдениет үйі жөндеуден өткізілмек.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ