Төрт түлікке төлем бар
Ата кәсіппен айналысқан ағайынға жағымды жаңалық. 2021 жылға арналған Ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуға субсидиялар нормативтерін, субсидия алушыларға қойылатын өлшемшарттарды және субсидиялар алуға өтінім беру мерзімі бекітілді.
«ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңына, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес осы жылдың 5 қарашасынан 15 желтоқсанына дейін төрт түліктің аналықтарының әрқайсына жас ерекшеліктеріне сай қаржы бөлінбек.
Атап айтқанда, Зеңгі баба түлігінің аналығына (18 айдан асқан) 15 мың теңге, Қамбар ата мен Ойсылқара түлігінің аналығына (36 айдан асқан) 10 мың теңге, Шопан ата түлігінің аналығына (12 айдан асқан) 2 мың 500 теңге субсидия төленеді.
– Үкімет тарапынан берілетін көмектер облыс әкімдігінің Қаулысымен бекітілген. Субсидиялау қағидасы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген. Бұл дегеніңіз – шаруаларға үлкен көмек. Мәселен, Арқалық қаласы бойынша 2021 жылдың 1 қарашасында тіркелген текті ірі қара мал саны – 23 990 бас, оның ішінде, аналығы – 11500 бас. Шаруа қожалықтарында – 6112 бас, оның ішінде, аналығы – 3135 бас. Жеке тұлғаларда 13396 бас бар, оның ішінде аналығы –5260 бас. Енді осы мал иелерінің көмек алуға мүмкіндігі бар. Субсидия алушыларға қойылатын өлшемшарттар: өтінімді берген сәтте аналық мал басының селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қорында және ауыл шаруашылығы жануарын бірдейлендіру жөніндегі дереккөзінде тіркеуде болуы және дереккөзбен сәйкестігі, сондай-ақ жер учаскесін жем-шөп дақылдарына және (немесе) шабындық «шөп шаба ын) алқаптарға (егістіктер, шабындықтар, түбегейлі жақсартылған жайылымдар), оның ішінде бірлескен қызмет шарты бойынша бөлу туралы акт болуын ескеру қажет, – дейді қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің мал шаруашылығы бойынша бас маманы Айдын Жұмашев.
Мұрат Жүнісұлы