Қалам иесі
Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Қайсар Әлім Қостанай жұртшылығымен кездесті.
«Қостанай, сенен қанаттандым!» атты қаламгер шығармашылығының 55 жылдығына арналған кеш өңірге белгілі айтыс ақындары Салтанат Өтелбаева мен Тоба Өтепбаевтың арнау өлеңдерімен ашылды. Сонан соң сахнаға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов көтерілді. Ерлан Болатұлы жазушыға қостанайлықтардың атынан сый-сыяпат көрсетті. Сондай-ақ, Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелдин аудандарының әкімдері құттықтау хаттарын жолдады.
Кеш қонақтары қазақ баспасөзінің дамуына үлес қосып жүрген жазушының бұл еңбектерін қазақ әдебиетінде елеулі орын алатын туындылар деп бағалады. Сөз сөйлеген кісілердің арасында «Қостанай таңы» газетінің редакторы Жанұзақ Аязбекұлы да бар.
Осы кеште жазушының 6 бірдей кітабы таныстырылды. Атап айтқанда «Міржақыптың оралуы», «Безінген ләйлек», «Өз өрмегім», «Қызбелдің Қайсары» сияқты жинақтар оқырманға ұсынылды. Белгілі режиссер Қалила Омаровтың «Қалам киесі» атты Қайсар Әлім туралы деректі фильмі көпшілікке көрсетілді.
Кеш барысында облыстық қазақ драма театрының әртістері сахналық қойылымдар көрсетті.
Толығырақ газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.