Қос сайыстан – мол олжа

Кекушинкай каратэ облыс төңірегінде біртіндеп қанат жайып келеді. Бұл спорттың біздің өңірге келгеніне биыл он бес жыл толып отыр. Алғаш 2008 жылдың күз айларында "Кекушинкай каратэ" бүкілқазақстандық қоғамдық бірлескен ұйымының Қостанайдағы филиалы ашылған еді. Бүгінде осы жекпе-жек түрінен үшінші дан дәріжесін алған, қара белбеудің иесі Айсұлу Абулханованың жетекшілігімен ұжымда он білікті бапкер және олардың сегіз көмекшісі үйірмеге келушілерді баулып, шеберліктерін шыңдап келеді.
"Біздің ұйымның филиалдары өңіріміздің әр аудан-қалаларын қамтуды қолға ала бастады. Бүгінде осындай мектептерімізді Тобыл, Рудный қалалары мен Әлжанов елді мекенінде ашып отырмыз. Алдағы уақытта оның аясын кеңейте түсу жоспарда тұр. Қостанайдағы мектебімізде мың жарым бала тәлім алып жатыр", – дейді Айсұлу Бағдадқызы.
Жуырда осы Кекушинкай каратэ ұйымының Қостанайдағы мектебінің шәкірттері Талғар, Омбы қалаларында өткен  республикалық және халықаралық турнирлерде топ жарды.
Омбыдағы турнирде еліміздің Алматы, Петропавл, Костанай қалалары мен Ресейдің бірнеше қаласынан 500-ден аса спортшы бақ сынады. 18 жастан жоғары қатысушылар арасынан Тобылжан Утин бірінші, Эльдар Қазақ үшінші орын алды. 30 келі салмақта сынға түскен Батыр Исатаев пен 35 келідегі Әмір Дәмірұлы және 50 келіден жоғары салмақта күш сынасқан Анастасия Гетмандар екінші орынды иеленді. Ал 40 келіде жекпе-жек өткізген Санжар Оразғалиев үшінші орынды олжалады.
Алматы облысы Талғар қаласында өткен "Жас қанат" турнирінде 50 келіге дейінгі салмақта Айнара Сүндетбай бірінші орын, 48 келіде шыққан Әбілмансұр Қылышев пен 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Асанәлі Русланұлы үшінші орындарға қол жеткізді. Қыздар арасында 45 келіден жоғары салмақтағы Кира Шадрина да қола жүлдені қанжығаға байлады. Бұл жарысқа еліміздің он өңірінен жекпе-жек үйірмесіне бір жылдан бері барып жүрген 800 спортшы қатысқан.
Айбек  Ғалымұлы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓