“Нағашы жұртым – асқар тауым” деп анасының төркінін ардақтайтын жиендер бар

Біздің қазекең ырымшыл келеді. Пендешілікке салынып, көптеген адамдар оған онша мән бере қоймайды. Егер өмір тәжірибесінен түйгені мол қариялардың пайымдауларына байыппен қарасақ, біразының ырыммен сәйкестігіне қайран қаласың.
Дәлелдеу үшін жаныма біртабан жақын сала – әдебиет пен өнердегі талант иелеріне кеңінен тоқталайын.
Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 1864 жылы Торғайда алғашқы мектепті ашқанына және игі ісін әрмен қарай жалғастырғанына қанықпыз. Оқиғаның тарихына үңілсек, арманының орындалуына туған нағашысы Шеген би қаржылай көмек көрсеткен.
Арқалық қаласының тұрғыны Әбдіғали Жантасов аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, сан мәрте жүлдені қанжығасына өңгерген, сонымен қатар, Кеңес дәуірінде Мәскеу шаһарында өткен Бүкілодақтық фестивальда әншілік өнерімен қазылар алқасының көзіне шалынып, екінші орынды еншілеген. Сөйтсек, Әбекеңнің нағашысы, ұлттық әдебиетіміздің классигі кәдімгі Сәбит Мұқанов екен.
ТМД елінде әнші Әлібек Дінішевті кім білмейді. КСРО халық әртісі. Көрермендер теледидардан қалт жібермейді, залдан дүрілдете қол соғады. Бұлайша сүйіспеншілікке бөленуінің астары нағашылары, КСРО-ның және Қазақстанның халық әртіс-тері ағайынды Ришат, Мүсілім Абдуллиндер де жатыр.
Анасы Бодай "Қаламсабыңды тастама!" деп баласы Қайсардың жігерін жаныған. Кішкентайынан ауыл қарттарының әңгімелеріне құлақ түргенінің, ертегілерді ұйып тыңдағанының әсері – Қ.Әлім жазуға құлшына кірісті. Очерктерді, әңгімелерді, хикаятты тоғытты. Қазір 25-ке жуық кітаптың авторы. ҚР Президенті сыйлығының иегері. Туыстарының мәлімдеуінше, нағашысы, Алаш арыстарының бірі, өмір-шең  өлеңдерімен, тұңғыш публистикалық "Бақытсыз Жамал" романымен әдебиетіміздің жанр-лық жағынан дамуына елеулі үлес қосқан Міржақып Дулатов көрінеді.
Хасен Қожахмет есімі саясаткер, сазгер ретінде өнер сүйер қауымға аян. Әсіресе, билік басындағылардың қателіктерін батыл сынаған мақалаларымен оқырмандарға таныс. Ал, әнде-рін күміс көмей әншілер сахна төрінен әуелетіп, тыңдаушысын баураған.
Жыр жүйрігі, республикалық "Алаш" сыйлығының иегері, бала жастан  досым Серік Тұрғынбекұлының Алматы қаласындағы үйінде әңгіме барысында Хасен "Парижде ән шырқаған Әміре Қашаубаев – менің түп нағашым" дегенде бетіне таңырқай қарағанбыз.
Болат Хамзин консерватория-ның өзінде би өнерінің хас шебері, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұловамен республиканы шарлап, күйді төгілткен. Туған жеріне оралғасын көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысын жандандырғаны үшін арнайы Жарлықпен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанған. Бірнеше әні жергілікті әншілердің репертуарына енген.
Бұл арада "Жас ұлан" жастар мен жасөспірімдер орталығының білікті маманы Шағи Назарұлының "Заманында менің атам Қапақ керемет күйші болған. Немересі тұрғысында білетінім: ұлттың қасиетті осынау саз аспабын жете меңгергені сондай, кейде башпайымен де күй тартатын. Болатқа домбырашылық өнер сол нағашы атасынан жұққан" деген сөзі шындықпен үйлеседі.
Мектеп қабырғасында Мираш Тәшетұлы өлең шумақтарын құ-рап,  ұстаздарының назарын ау-дарған. Мамандығы экономист бола тұра, әдебиетке құштарлығы басым. Сөз сөйлегенде ешкімге есесін жібермейді. Өйткені, мұх-тасиф Әлмұхаммед Оспанұлының есімін қалалық мешітке берерде пікір-талас туындаған мезетте салмақты ойымен жиынға қатысушыларды бірлікке шақыр-ғаны бар.
Құрдастары "Осыншама сөзді қайдан табасың?" деп қағытса, "Қасиет белгілі жазушы, нағашым Қайнекей Жармағанбетовтен дарыған. Анда-санда шешендік танытатыным да жаңағы кісінің арқасы" деуден танбайды.
Тақырыпқа орай отбасымнан да мысал келтіре кетейін. Мысалы, ортаншы ұлым Дархан нағашы әжесі Қадишаға ұқсайды: ақкөңіл, елгезек, кішіпейіл. Сыйласқан досына сырын ақтарып тастайды.
Бір сәт түлеп ұшқан ауылымыздың тірлігіне ойша саяхат жасайықшы. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр… бәрі-бәрісі сақталған. Талабы таудай баласынан хабардар мейман үй иесін "Нағашы жұрты  кім  еді?"  деп  сөзге  тартқанда зайыбының төркінінен шыққан беделді адамдарды тізбектегенде мейман "Енді түсіндім. Баланың алға ұмтылуы заңды. Себебі, нағашылары әріректе колхоз, беріректе совхоз басқарған, соғыстан кейін елді қиын кезеңнен аман шығарған адамдар емес пе?" деп оны қоштай жөнелген.
Қызмет бабымен әртүрлі адамдармен жолыққанда алуан оқиғаның куәгері болатынбыз. Кәрілік жеңген нағашысын келемеждеп, көпшіліктің алдында мазасын қашыратын жиендерді де ұшыратқанбыз. Мұндай ерсі қылықты кім құптар дейсің.
Жасы  сексеннің  сеңгіріне көтерілген, кезінде партия, кеңес орындарында басшылық қызмет атқарған, бүгінде балалары мен немерелерінің  қызықтарын тамашалау бақыты маңдайына бұйырған Төлеухан Әбжамалұлының нағашы жұртында атқа мінген азаматтарды мақтан тұтуы да жарасымды.
"Бәрін айт та бірін айт, коллективтің жырын айт" деп Бейімбет Майлин атамыз жырлағандай, абзалы, Жаратушы иеміз табыстырған нағашы жұртты, яғни, анаңның төркінін ардақтай білу әр перзенттің асыл парызы саналса керек.
Жақсылық ЖҮНІСҰЛЫ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓