Бұрынғы бизнес колледжінің ғимараты жаңартылып жатыр

Қостанайда Пушкин көшесі, 179 мекенжайындағы бұрынғы екі қабатты бизнес-колледж ғимараты жөнделіп жатыр. Мұнда аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық, сондай-ақ егде жастағы адамдарға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы орналасады. Қазір ғимарат қоқыстан тазартылып, қалпына келтірілуде. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып, көріп қайтты.
Нысанды қайта жөндеумен Түркістан облысының «Грандстройсервис» ЖШС мердігер компаниясы айналысуда. Құрылыс жұмыстарының құны – 624 млн теңге.
«Қазір облыста 2600-ге аса мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Оның екі жүзден астамы аутизммен, үш жүзге жуығы менталды қозғалысы бұзылған. Бала ауырғанда оның ата-аналары қатты қиналады. Орталық ашу туралы шешім қабылданды. Ашылғаннан кейін мұнда жеткіншектер төрт жарым сағаттай болады. Олармен арнайы маман, дәрігерлер жұмыс істейтін болады. Әрине, ата-аналарға үлкен себеп болмақ. Алдағы уақытта таңертеңнен кешке дейін болуға жағдай жасалатын болады», – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов  ғимаратты қайта жаңарту маусым айына дейін аяқталатынын жеткізді.
«Бұл нысан он бес жылға жуық уақыт бос тұрды. Қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішіндегі қоқыстарды тазатуға жиырма шақты жұмыскер жұмылдырылды. Нысанның жалпы ауданы 2355 шаршы метрді құрайды. Ақпан айының аяғына қарай ішкі инженерлік желілерін тартып, жылу құбырлары орнатылады», – деп түсіндірді Берік Таңжарықов.
Аутизмі бар балалар орталығы үшін 1691 шаршы метр аумақты алса, белсенді ұзақ өмір сүру орталығын 644 шаршы метр бөлініп отыр. Екі қабатты ғимаратта қажетті құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ақпан айының аяғында терезелер, едендер, есіктер, шатыр, жылыту жүйесі, электр сымдары ауыстырылады. Ғимараттың айналасы да абаттандырылып, қоршалады.
Реконструкциядан кейін ғимарат облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының иелігіне өтетін болады.
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓