Аймақтан қандай хабар бар?

Қаңғыған ит қаптады
Облыста. Былтыр өңірде 2606 адамды ит қапқан. Соның ішінде 46 тұрғынға құтырма ауруы бар иттің тісі батыпты. Жапа шеккендердің барлығына бірдей екпе жасалған. Өйтпесе, құтырма адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Қазір иесіз иттерді аулау, оларға екпе жасау мәселесі қаралу үстінде.
 
Көз тартар көрме
Қостанай. Қалада «А3» атты фотографтар мен мобилографтар көрмесі ашылды. Ерекше көрмеге 38 фотошының еңбектері қойылған. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің көздегені – дарынды мамандардың шығармашылығына қолдау білдіру үшін фото-комьюнити қалыптастыру. Бас-аяғы 58 жұмыс қойылған. Арасында қостанайлықтардан бөлек, ресейлік, америкалық фотографтардың еңбектері де бар.
 
Қала ажарлана түспек
Арқалық. Тұрғын үй қорына 300 млн теңге бөлінді. Оның 100 млн теңгесі үй төбелерін жөндеуге жұмсалады. Қалған сома көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңартуға шығындалмақ. Мұның сыртында, биыл су құбырларын жөндеуге 950 млн теңге бағытталып отыр. Қалыпқа келтірілетін желілердің жалпы ұзындығы – 25,6 шақырым.
 
Абайсыздық – абыройсыздық
Жітіқара. Аудан көлемінде «Стоп, алаяқ» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Мақсат – тұрғындарды интернет алаяқтарының қақпанына түсуден сақтандыру.  Полиция қызметкерлері көп қабатты үйлерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындарға алаяқтардан қорғану амалдарын үйретіп, жадынамалар таратып жатыр. Іс-шара ай соңына дейін жалғаспақ.
 
Қордаланған мәселе – қоқыс шығару
Лисаков. Қалада қоқыс шығару мәселесі шешімін таппай келеді. Тұртғындар тарапынан шағым көбейген. Қала әкімі бұл жағдайды бейжай қалдырмайтынын айтып отыр. Арнайы жұмыс тобы құрылып, мәселе жіті қаралмақ. Бірақ, әзірге белгілісі, қоқыс шығарудың ескі жүйесі сақталады. Контейнерлер мемлекеттік мекемелер маңына, халық көп баратын орындарға қойылады. Ал аулалардағы контейнерлер санын көбейту жоспарда жоқ.
 
Тілге тиек – күй өнері
Әулиекөл. Аудандық кітапханада «Құрманғазы мұрасын ұлықтау парыз» атты іс-шара өтті. Оған оқушылар қатысты. Оларға қазақтың күйшілік өнері, әйгілі Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы туралы кең мағлұмат берілді. Күй атасының танымал туындылары орындалды. Оқушылар домбыра тартуға ықыластары оянғанын айтып тарқасты.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓