Ел жоқтаған ер

Биыл тарихи тұлға, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрескер батырларының бірі, жерлесіміз Төлек Жәуке батырдың туғанына – 200 жыл толып отыр. 
Осыған орай, ұрпақтары Арқалық қаласындағы батырдың бюстінің басында митинг өткізіп, рухына құран бағыштап ас берді.
 Жәуке Назарғұлұлы 1822 жылы сан салалы Торғайдың  Сарыторғай – Терісбұтақ арнасының бойында дүниеге келген. Әкесі Назарғұл елге тұлға боларлық азамат болсын деп баласының атын Жәуке қойған екен. Ырымы қырын кетпей Жәуке шын мәнінде ел сеніміне берік ұл болып өседі.
1838 жылы Жәуке батыр Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы қазақ ханы Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қосылып, Ақмола бекінісін басып алуда ерекше ерлік көрсеткен. Жәуке батырдың басқаруымен сарбаздар бекініске алғашқылардың бірі болып кірген. Кейіннен Ақтау, Ор бекіністерін басып алған.
Патша әскерлерімен бетпе – бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Екатеринск стансасына шабуыл кезінде де ерекше көзге түскен. Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл – парасатымен де ел құрметіне бөленген.
1842 жылы Иман мен Жәуке батырлардың табандылығы мен сенімділігінің арқасында Кенесары хан Торғай жағалауында қыстап шығады. Кейіннен хан ордасы осы жерге көшіріледі.
Ұлт – азаттық көтерілісінде Жәуке батыр ұзақ жылдар бойы қан майданда қол бастап, Кенесары ханмен үзеңгілес болып қатар жүрген. Батыр қолбасшы елеулі ұрыстардың алдында сарбаздарға дем беріп, әруақтандырып отырған.               
   Төлек Жәуке батыр Кенесары хан жорығының ақырғы шайқасына дейін қатысып Ағыбай, Шәкір, Толыбай батырлармен бірге елге аман – сау оралып, 1904 жылы дүние салған.
   1994 жылы ұрпақтары Жәуке батырдың 175 жылдығына орай мүсінін салдырды. Арқалық қаласында бюсті орнатылды.
Батырлан Сағынтаев,
«Дала өлкесі тарихы» музейінің ғылыми қызметкері, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
–  Төлек Жәуке батыр ұлт – азаттық көтеріліске қатысқан бас сардарлардың бірі. Кенесары хан өзіне ерген әскерді іріктеп ұстаған. Бір сарбазы бірнеше адамға татыған. Оған қатысқан адамдардың көпшілігі батыр. Осы өңірден шыққан қаншама батырлар бар. Иман, Балық, Жәуке, Толыбай, Терек, Базарбай, Қараман Тайшығара батырлардың есімдері ел есінде.
  Кенесары көтерілісінің халық арасындағы негізгі айғағы Нысанбай жыраудың дастаны. «Кенесары – Наурызбай» дастанында көтеріліске қатысқан батырлардың есімі толығымен аталмағанмен қол бастаған адамдарды екшеп айтады.
«Арғыннан шыққан үш жігіт,
Шәкір, Жәуке, Толыбай» -деп үшеуі қатар айтылып отырады.
  Доскей ақынның дастанында да:
«Толқыта найза сілтеген,
Шәкір, Жәуке, Толыбай»,-деп қатар айтылады. Қатар аталатын себебі, жорыққа бір уақытта қосылған кісілер.
  Жәуке батырдың ерлігі жайлы ел арасында аңыз көп. Шешендігі жайлы да азды – көпті деректер бар. Халқына жер әперіп, орнықтырған кісі.
 Төлек Қарсақбай жыраудың өлеңінде:
Ер Жәуке өлерінде не деп кетті,
Бақытқа мал мен басты бөлеп кетті.
Дұғадан ер Жәукені тастамаңдар
Ел қылып, жиыстырып демеп кетті,-дейді. Сонымен қатар, Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» дастанында да Төлек Жәуке батырдың қартайған шағында тентектік жолда жүрген Қарғаны түзу жолға салғандығы туралы айтылады.
  Тек сол кезеңде емес еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де жазылған еңбектерде бар. Ақын Серікбай Оспановтың, Еркеғали Бейсеновтің, Бақыткерей Ысқақов, Молдатай Жапарұлы ағаларымыздың поэма, толғау өлеңдерінде де Жәуке батырдың есімі кездеседі. 
Ұрпақтары да ел бастаған ер болған. Жәукенің ұлы Орманбек 1916 жылы Сарыторғай болысының мыңдығын басқарған кісі. Торғайға шабуыл, басқа да соғыстар кезінде көзге түскен. Тағы бір тұқымы Әмірбек деген кісі 1917 жылы Доғал шайқасында ерлігімен көзге түскен. Бұл туралы Сәт Есенбаевтың «Амангелді батыр», «Құмкешу соғысы» атты дастандарында жазылады.
  Жәуке батырдан тараған Тойшыбек, Орманбек, Әмірбек бұлардың барлығы да ел басқарған кісілер. Кеңес үкіметі кезінде қуғын – сүргінге ұшыраған кісілер.
  Жәуке батыр өзінің ата қонысы Сарыторғайдадамылдап жатыр. Сол жерде баласының салдырған мешіті тұр.
ҚарсақбайЖаңқабылұлы жырау да жоқтау өлең шығарған.
«Атағы кетіп еді әртарапқа,
Жігіттер қарсы келме әруаққа» дейді. Атақты Сегіз серінің ұлы Мұсайын деген кісінің де жоқтау өлеңі сақталған.
Жәнібек Ғапбасұлы,
Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Жәуке батыр кешегі халықтың қамын жеген, бодандыққа қарсы күрескен Кенесары ханның үзеңгілес досы, бас батырларының бірі. Сол уақытта Иман батыр, Қошқар батырлармен бірге елдің қорғаны болды.
Қазіргі Екідің ауылында Жәукенің үлкен мешіті тұр. Ата қонысы сол жерде. Жәуке атамыз тек қана батыр болмаған, көрегендігі, діндарлығы да бар. Руды ұйымдастырып, ұйытып отырған. Жәуке бір ғана Төлек руының батыры емес,ол – бүкіл қазақтың батыры.
  1994 жылы Жәуке батырдың 175 жылдығына байланысты Екідің ауылында үлкен ас берілді. Республикалык деңгейде өткен шараға атақты академиктер Манаш Қозыбаев, ӘбсағитТәтіғұловтар бастаған ғалымдар келді. Үлкен– үлкен баяндамалар жасады.
Ол уақытта Торғай облысының бірінші басшысы марқұм Жақан Қосабаев ағамыз болатын. Елдің рухын көтеретін керемет іс – шара өтті. Бәріміз дебарып қатыстық. Сол кездегі қала әкімінің бірінші орынбасары Сабыржан Ахметов осы шараның бас – аяғына дейін мұрындық болды. Қаладағы театрды Жәукенің өмір жолы жайлы саханаланған үлкен көрініс қойылды. 
  Иә, елінің бостандығы үшін жанын пида еткен батырлар ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге. Бүгінгі ұрпаққа міндет- аталар аманатына адал болып, тамыры терең тарихымызды түгендей білу.
  Батырдың ұрпақтары «Жәуке батыр» қоғамдық ұйымын құрып, баба еңбегін дәріптеп, деректі, көркем фильмдер, балаларға арналған мультфильмдер топтамасын түсіруді мақсат тұтуда. Сонымен қатар, жыл соңына таман Жәуке батырдың 200 жылдық мерейтойына орай республикалық ғылыми – тәжірибелік конференция, көрме, кездесулерт.б шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓